Үй ішінен үйшік тікпес болар...

 247
Павлодар қаласы «Әбу Бәкір Сыддық» мешітінің бас имамы Әкімбеков Б.Б.

Әр отбасының ішкі тәртібі, алға қойған мақсаты мен мүддесі бар және жанұяның барлық мүшесі  бір адамға бағынып өмір сүреді. Егер осы қағида бұзылып, қызы қырға, ұлы ойға тартып, өзара алауыздық туса, ол отбасының көсегесі ешқашан көгермесі анық. Сондықтан да дана қазақ, «үй ішіне, үйшік тігудің» зардабын түсініп, оған жол бермеген. Мемлекет те үлкен жанұя. Олай болса, бүгінгі қоғамдағы ортақ заңға бағынбай алшаң басқандарға тыйым салар уақыт жетті.

Газет бетін ашып, телеарнаны қосып қалсақ, шет елдерді айтпағанда, өз мемлекетіміздің әр өңірінен, болмашыға дау шығарып, қоғамның берекесін кетіруге тырысқандарды жиі көретін болдық. Сорақысы сол, бұл дау - дамайға тура жолға бастайтын - Ислам дінін сылтау етуде. Соның салдарынан, қарапайым халық дәстүрлі Ислам қайсы, арам пиғылды ағымы қайсы түсіне алмай дал болды. Тарихы - қазақы салт – дәстүрмен біте қайнасқан дәстүрлі Ислам діні – аруақтарға құран бағыштауға, тойдағы «сәлем салу» сынды  дәстүрімізге тыйым салмайды.

Олардың мұндай іс – әрекеттерінен теріс пиғылды ағымдардың тырнағына ілінгенін аңғару қиын емес. Осы секілді мәселелерден туындаған тамшыдай дау, ертең ұлғайып, тасқын - селдей бейбіт халыққа зиянын тигізсе не болмақ?  «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, діни мәселелерді ушықтырмай, оны болдырмаудың жолдарын іздеу біздің бүгін айналысатын ортақ ісіміз болмақ. Бұл жолда діни сауат ашу сабақтарын мектеп қабырғасынан бастап, міндетті пән ретінде оқыту керек. Ол жерде буыны қатпаған балалар діндердің тарихын, секталардың, терроризм мен экстремизмнің зиянын оқып, оң - солын танып, дін аталатын үлкен әлемде таным көкжиегі ашылар еді. Дәл қазіргі уақытта білікті имамдар мен білімді теолог мамандар дәстүрлі Исламның артықшылықтарын насихаттап топ – тобымен деструктивті діни ағымдарға кетіп жатқан отандастарымызға дұрыс жолды көрсету жолындағы жұмыстарын жандандыра түсуде.

Тереземізді ашқан уақытта, таза ауамен бірге үйге лас иістердің де кіретіні секілді, тәуелсіздік алған тұста елімізге «қой терісін жамылған қасқырлар да» еніп кетті. Сол кездегі дін жөніндегі солқылдақ заңымыз да олардың емін – еркін әрекет етуіне жол берді. Енді міне бүгінгідей еңсемізді тіктеп, теріс ағымдардың зардабын нақты сезінген уақытта терроризм мен экстремизмге қарсы күрес күшейе түсті.

Зардабы орасан секталар жайында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Иудейлер – жетпіс бір, христиандар – жетпіс екі, мұсылмандар – жетпіс үш ағымға бөлінеді, олардың тек біреуі ғана жұмаққа кіреді» – деп ескерткен. Олай болған жағдайда, деструктивті ағымдардың зияны мына фәниде ғана емес, бақилық мәңгі өмірде де алдымыздан зиян болып шықпақ. Олай болса тек өзімізді емес, айналамыздағы етбауыр жақындарымызды да теріс ағымдардан қорғап жүрейік!