Ырыс алды – ынтымақ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігі «Нұр Астана» орталық мешітінде «Ырыс алды – ынтымақ» атты семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
ҚМДБ-ның Насихат жəне қоғаммен байланыс бөлімі Әйел-қыздар секторы, «Нұр Астана» орталық мешіті жанынан ашылған «Жібек» қыз-келіншектер клубының атсалысуымен экстремизм мен терроризмнің алдын алу, жамағаттың бірлігін күшейтіп, дәстүрлі Ислам құндылықтарын насихаттау мақсатында әйел жамағатына арналған «Ырыс алды – ынтымақ» атты семинар-тренинг өтті.
Семинарға «Нұр Астана» орталық мешітінің ұстазы Динара Нұрғалиева, Астана қаласы Дін проблемаларын зерттеу орталығы Оңалту бөлімінің басшысы, психолог Лимана Қойшиева, «Конфессияаралық қатынастарды дамыту және сараптама орталығы» КММ директоры Гүлназ Раздыкова қатысты.
Қатысушыларға арнаулы дәріс оқыған Лимана Қойшиева «Бақ қайда барасың? Ынтымаққа барамын» деген баба сөзін тілге тиек етіп, ынтымақ-бірлікті сақтаудың ұлттық тәжірибелерін атап өтіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ата дәстүрдегі бірлікті нығайтуға бағытталған әдет-ғұрыптар мен өмір салттарын жаңғырту керектігін айтты.
Семинар жүргізушісі Гүлназ Раздыкова еліміздегі бүгінгі діни ахуалға тоқталып, дін мен дәстүр сабақтастығын сақтау, жат ағымның алдын алу, террористік, экстремистік ағымдардың зардабы, Ислам дінінің атын жамылған ағымнан сақ болудың ел бірлігін сақтауға үлес қосу болып табылатынын баяндады.