Алматыда алаяқтықпен айналысқан «Жаңа өмір» діни бірлестігінің басшылары сырттай сотталды
«Жаңа өмір» діни бірлестігі алаяқтықпен айналысып, қаржылық құйтырқы әрекеттерге барған. Алматыда талай адамды арбауына түсіріп, сан соқтырған шіркеу басшыларына қатысты сот үкімі шықты. Діни ұйымның негізгі жетекшісі пастор Максим Максимов 5 жылға, ал оның әйелі Лариса Максимова мен сенімді серігі болған Сергей Заикин 4 жылға сотталды. Оларды заңсыз жолмен тапқан мүліктері толықтай тәркіленбек. Судья оларға қатысты үкімді сырттай оқыды.
Себебі, айыпталушылардың бәрі әлі күнге дейін халықаралық іздеуде жүр.
Діннің атын жамылғандарға қатысты тергеу 3 жылдан аса уақыт жүргізілді. «Жаңа өмір» бойынша іс 53 томнан тұрады. Діни бірлестіктің сонау 1991 жылы заңсыз құрылғаны анықталған. «Жаңа өмірдің» жетекшісі Максим Максимов 2001-ден бастап сыбайластарымен дін жолында түрлі уағыз жүргізіп, жұртты алдап келіпті. Қазір өзі Америкада. Судья айыпталушыға қатысты үкімді сырттай оқыды. Оған қоса діни қызметпен айналысуына тыйым салынды. Пастордың әйелі мен сенімді серігі де жазадан құтылған жоқ. Оларға да үкім сырттай шығарылды Заңсыз жолмен табылған барлық мүлік тәркіленбек.
Абай Жарылқасын, Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің бас маманы:
- Алматы қалалық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен «Жаңа өмір» шіркеуінің пасторы Максим Максимов 5 жылға, оның әйелі Лариса Максимова мен орынбасары Сергей Заикин 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға Қылмыстық кодекстің 103, 190, 337-баптары бойынша бірнеше айып тағылған. Атап айтқанда, олар - денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және адамның сенімін теріс пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін иелену.
«Жаңа өмір» - ешқандай да шіркеу емес, қаржылық ұйым. Протестанттық бағыттағы бірлестікке кіргендер алғашында Иса Мәсіхты дәріптеумен айналысқан. Ары ққарай құйтырқы жоспар. Оған мүше болған кез-келген адамның ақшасы, дүние-мүлкін қайырымдылық мақсатында шіркеудің қоластына өткен. Яғни, түпкі мақсат - адамның сана-сезімін билеу арқылы ақшасын иемдену. Бірі кәсібінен айырылса, өзгесі ақшасыз қалғанда, тақырға отырғанын бір-ақ түсінген. 2016 жылы ұйымға қатысты біраз былықтың беті ашылды. Шіркеу сиынушыларының арызынан соң полицейлер шіркеуде тінту жүргізді. Максим Максимовтың жұбайы Лариса Максимова мен тағы бір пастор Сергей Заикин күтпеген қонақтарды көріп абдырап қалған еді.
Тексеру барысында асыл тастар мен ірі көлемдегі ақша, жер телімдері және пәтерлердің құжаттары табылды. Осыдан кейін шіркеу жетекшісі Максимов ғаламтор арқылы дереу мәлімдеме жасап, байбаламға салды.
Максим Максимов, «Жаңа өмір» шіркеуінің негізін қалаушы:
- Мен жарым түнде аяқ астынан тікелей эфирге шығып отырмын. Біз әлі ұйықтаған жоқпыз. Қазақстанда христиандардың үйінде тінту жүргізіліп жатыр. Не іздегендерін ұқпадым. Болған жайтты әйелім маған айтты.
Өздеріне тықырдың таянғанын сезген тағы екі пастор Иван Крюков пен Вадим Мартынов қашып бара жатқан кезінде, Қырғызстанмен шекарада қолға түскен болатын. Діни қызметкердің әйелі болса, шетел асып үлгерді. Иса Мәсіхты насихаттайтындардан кәмелет жасына толмағандар да зардап шеккен. Оның барлығы сотта дәлелденді. Ал халықаралық іздеуде жүрген Максим Максимов пен әйелі Лариса ешкімнен тығылып қымсынар емес. Екеуі АҚШ-та отырып, күн сайын ғаламтор арқылы жұртқа уағыз жүргізеді.
ktk.kz