Бас мүфти діни терминдерді қазақ тілінде қолдануға шақырды

 30

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айына арналған баспасөз конференциясын өткізіп, БАҚ өкілдерімен кездесті. Діни басқарма төрағасы мұсылман үмбеті үшін қасиетті болып саналатын Рамазан айы туралы айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

— Біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ислам ілімін ұстана отырып, әрдайым өз ана тілінде сөйлеген. Осыған байланысты мен жастарға қазақ тілінде діни терминдерді қолдануға шақырамын. Өкінішке қарай, кейбір жастар «ауызашар» сөзінің орнына «ифтар», «сәресі» сөзінің орнына «сухур» деп айтып жүр. Бұл, әрине, көңілге қаяу түсіреді. Біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ислам қағидаларымен өмір сүріп, «ауызашар» және «сәресі» секілді атауларды қолданған. Біз олардың ұрпағы ретінде бөтен тілдерден енген діни сөздерді қолданудан аулақ болып, қазақтың төл сөздеріне басымдық беруіміз керек. Себебі біздің мәдениетіміз бен сеніміміз ұрпақтан-ұрпаққа осы тіл арқылы жетті. Келіңіздер, ана тілімізге құрметпен қарап, ата-бабаларымыздың үлгісімен қазақ тілінде сөйлеуге ұмтылайық, – деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Источник: