А.Сабдин: Діннің саясилануы – қоғам үшін үлкен проблема

 2515

Ислам дінінің бес парызынан, иманның алты шартынан, ихсан деген жүрек тазалығынан зәредей де мөлшерде табылмайтын түсінік – саясат. Дін әр адамның жүрегінен орын тебетін  құбылыс десек те болады.

Мамандар діннің саясилануын қауіпті құбылыс деп санайды.

«Діндегі тағы бір құбылыс – діннің саясилануы, дінді саяси мақсатта қолданғысы келген кез келген субьект кейін оның зардабын тартады. «Саяси ислам» деген тіркестің өзі дұрыс емес. Саяси ағымда саяси мақсаттарды көздеп дінді қолданып жүрген адамдар бар. Кейбір адамдар Сауд Арабиясына, Біріккен Араб Әмірлігіне қызығып қарап, бізге абсолютті монархияны тыққысы келеді. Діннің саясилануы – қоғам үшін үлкен проблема. Дінді саяси құрал ретінде қолдану – ертеңгі күні өзінің жағымсыз салдарын көрсетеді. Мен өзім жақында куә болдым, бір мешітте митинг өтті. Онда саяси талаптар қойылды. Осының барлығы жақсы құбылыс емес. Әсіресе, жастар арасында теологизациялық көрсеткіш тым жоғары. Оны жастардың лексиконынан-ақ байқауға болады. Бұл – діндарлық емес, діншілдік. Ол — жақсы емес. Діншілдер өте көп, діндарлар аз. Діндар адам өз нәпсісімен күреседі. Діншіл адам басқалардың иманымен айналысады», — дейді Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің Діни экстремизмге қарсы орталығының директоры Асқар Сабдин.

Оның айтуынша, дінді саясат құралы ретінде қолданғысы келетіндер көп.

«Дін танушылар діни тұрғыдан, исламтанушылар теологиялық тұрғыдан, заңгерлер, БАҚ өкілдері бәрі жабылып осы процесті тоқтату керек. Дін саясат құралына айналған. Ол үшін идеологиялық қорғанысты күшейту қажет», — деді ол.

Айта кету керек, қазіргі таңда Қазақстанда діни экстремизмнің алдын алуда ең негізгі субьект – мемлекет болып тұр. Осы бағытта жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың басты мақсаты – Қазақстанды жат діннен сақтауға ұйытқы болу.

Источник: