Астаналық ғалымдар Абай ізімен экспедицияға шықты

 1404

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімдігі жанындағы «Руханият» орталығы «Ұлы Абайдың ізімен...» атты ғылыми-танымдық экспедицияны бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат орталыққа сілтеме жасап.

Ақынның 175 жылдығына орай бір топ тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, абайтанушылар мен журналист-блогерлер 16-19 тамыз аралығында Нұр-Сұлтаннан Қарқаралы – Абыралы – Қайнар – Қарауыл – Семей – Павлодар бағытымен жүріп өтпек. «Хәкім Абайдың 175 жылдығына орай «Руханият» орталығы бірқатар іс-шараларды ұйымдастырып келеді. «Адамзаттың Абайы» атты фестиваль аясында 8-31 тамыз аралығында мәдени шаралар өтеді. Соның бірі – «Ұлы Абайдың ізімен...» атты рухани сапар. Өскелең ұрпақтың бойындағы ұлттық иммунитетті көтеріп, жастардың санасына үлгі тұтар тұлғаны қалыптастыру және ең бастысы ұлттық болмысты жаңғыртуда мұндай бірегей шаралардың қолға алынғаны еліміз үшін пайдалы, - деп түсіндірді «Руханият» КММ басшысы Ержан Еңсебай.

Қарқаралыда экспедиция тобы Абай қонған қонған Бекметовтің тарихи-мәдени үйіне, Құнанбай қажы мешітіне, Әлихан Бөкейханов білім алған мектепке және А. Байтұрсынов салдырған мектепке барады. Сондай-ақ, экспедиция мүшелері Жидебайдағы Абай музейіне, Абай-Шәкәрім кесенесіне, Қарауыл мен Ақшоқы ауылдарына, Еңлік-Кебек ескерткішіне, М. Әуезов музейіне барады және Семейдегі Абай ескерктішіне тағзым етеді. Сапар барысында ақсақалдармен, зиялыларымен кездесіп, Абай мен Алаш арыстары туралы тың дерек жинау көзделген. Олар елордаға келген соң, арнайы жинақ пен бейнесюжет жарық көреді.

Источник: