ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан халқын гуманитарлық дағдарыс қатерімен жекелей қалдыруға болмайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әлемде болып жатқан оқиғалар терроризм, экстремизм, трансұлттық қылмыс қазіргі заманның өзекті сын-қатері ретінде қалып отырғанын көрсетіп тұр. Бұл жағдайда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨІСШК) қызметі ерекше өзекті болады. Қазақстан форумның іс басындағы төрағасы болып отыр және АӨІСШК кеңістігінде қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайту үшін барша күш-жігерін салады. Форумның институционалды ары қарай дамуы, оның халықаралық ұйымға трансформациясы бұл жұмысқа жаңа серпін береді деп санаймыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Үндістан» саммитінде. ҚР Президенті Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің әлеуеті мен мәртебесін нығайтуда Үндістанның рөлі ауқымды екенін атап өтті. «Осы жылы АӨІСШК-нің мерейтойлық саммиті өтеді. Осы орайда Моди мырзаны (Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди) Қазақстан астанасында көретінімізге үміттенеміз. Форум аясында талқылауға шығарылатын өзекті мәселелердің қатарында Ауғанстан проблематикасы да болады», - деді Мемлекет басшысы. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан мен оның халқын теңдессіз қиындықтарымен және гуманитарлық дағдарыс қатерімен жекелей қалдыруға болмайтынын қадап айтты. Қазақстан өз тарапынан азық-түлік, қажетті тауарлармен және дәрі-дәрмек түріндегі көмекті бағыттай отырып, Ауғанстанмен өзара іс-қимылды жалғастырып келеді.