ҚМДБ төрағасы: Халыққа қызмет етуден асқан ғазиз нәрсе жоқ

 117

Нұр-Сұлтан. 3 қыркүйек. KAZISLAM – ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауына қатысты пікірін білдірді.

ҚМДБ-ның ресми сайтында жарық көрген мақалада бас мүфти:

«Халықтың әлеуметтік мәселесіне назар аудару мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды. Әділін айтқанда, елімізде әр азаматтың тұрмыс-тіршілігі мен игілігі үшін тиісті бағдарламалар қабылданып, жұмыс жүйелі жүзеге асуда» — дей келе, ел Президентінің Жолдауда халықтың әлеуметтік мәселесіне басымдық бергенін айтады.

Сондай-ақ, ол:

«Расында, халыққа қызмет етуден асқан ғазиз нәрсе жоқ. Жұрттың қарапайым талап-тілегін орындау – кез келген салаға жауапты тұлғаның асыл борышы. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Араларыңда ең жақсыларың – айналасына пайдалы болғандарың», – деп қоғамға шуағын шашып, жақсылығын жайып жүретін көпшіл кісінің мәртебесін ерекше атап өткен.

Осындайда халық даналығында айтылатын:

«Жаман ердің қайғысы,

Өз отының қасында.

Жақсы ердің қайғысы,

Ауылының басында», – деген орамдар ойға оралады…

Президент қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беру қажеттігін атап өтті. Расында, бұл – өте өзекті мәселе. Біз тәуелсіздік жылдарында қандай асудан асып, нендей белесті бағындырсақ та бірлігіміздің арқасында қол жеткіздік, — дейді.

Бұдан бөлек, С.Ораз Президенттің өзі дәріптеуге арнайы тапсырма берген әл-Фараби мен Абайдың өшпес мұрасы ислам дінінің адамгершілік құндылықтарын насихаттауда құнды құрал бола алатынын мақалада атап өткен.

Источник: