Мақсат – діни экстремизмге қарсы иммунитет қалыптастыру

 1313

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Алматы қаласында өткен «Жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алудағы әйелдер ұйымдарының рөлі» атты республикалық конференцияға қатысты.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде кең ауқымда ұйымдастырылған конференция жұмысы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелерінің, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың, діни бірлестік өкілдерінің, студент жастардың, сарапшылардың басын қосты. 

Мемлекеттік хатшы Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу бойынша жұмыс жүргізу қажеттігі туралы міндеттер қойғанын және бұл шараға үкіметтік емес сектор мен діни бірлестіктерді белсенді қатысуға шақырғанын атап өтті.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 4 млн жас бар. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда жастардың 79,6%-ы діни көзқарастарды ұстанады. Олардың арасындағы дінді белсенді ұстанушылардың үлесі – 9,9%. 2013 жылдан бастап Қазақстан Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия дін істері жөніндегі өкілетті органмен бірлесіп, еліміздің 10 өңірінде «Әйел және дін» атты жобаны жүзеге асырып келеді.

Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова жаһандану әлеміндегі сын-қатерлер үдеп тұрған жағдайда зайырлы Қазақстанның басты міндеті – діни экстремизммен күрес саласындағы сарабдал әрі тиімді мемлекеттік саясат болып табылатынын атап өтті. 

Діндар адамдардың радикалдануының негізгі ошағы Интернет болып табылады. Айталық, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында қазақстандық интернет кеңістікте 100 мыңнан астам терроризм және экстремизм идеяларын тарату деректері анықталып, оларды жою шаралары қолға алынды. Құқық қорғау органдарының жүйелі жұмыстарының арқасында өткен жылдың 6 айы ішінде экстремизм мен терроризм нышаны бар 315 қылмыс тіркелген. 12 экстремистік актілердің жолы кесілді. Мемлекет тарапынан жүйелі негізде халықтың түрлі деңгейі арасында мақсатты түрде түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Дәстүрлі емес діни бағытты ұстанушылардың 32%-ы нысаналы сауықтыру шараларымен қамтылды.

Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуының арқасында бүгінгі таңда ел тұрғындарының шамамен 90%-ы түсіндіру және алдын алу жұмыстарымен қамтылды. Салафиттік қауымның 70-ке жуық жетекшілері мен белсенділерінің қазақстандық қоғамның құндылықтарына деген шынайы көзқарасының қайта оралуына жағдай жасалды. Террористермен бірге шетелге шығып, соғыс қимылдарына қатыспақ болған 91 Қазақстандыққа шетелге шығуға тосқауыл қойылды. Террористік және діни-экстремистік сипаттағы қылмыстары үшін 123 адам сотталып, қылмыстық жазасын өтеуде.

Гүлшара Әбдіқалықова бүгінгі таңдағы маңызды міндет – жастар мен әйелдердің бойында діни экстремистік ұйымдардың насихаттарына қарсы тұратын берік иммунитет қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Іс-шара соңында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова әйелдер мен жастар арасындағы діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бірқатар нақты міндеттерді белгіледі.

Источник: