Өсім деген не? Үкімі мен дәлелдері

 12238
Чингужанов Рауан Жумабаевич

Исламнан бұрынғы надандық кезеңінде өмір сүрген яһудилер, арабтар және оларға көршілес халықтар арасында өсімқорлық өте кең етек алған үрдіс болатын. Ислам діні қоғам мен қоғам мүшелеріне зияны көп өсімқорлықтың алдын алды.

Өсімқорлықты араб тілінде «риба» дейді. Тілдік мағынасы арту, көбею деген ұғымды береді. Арабтар қандайда бір нәрсенің артуын раба деген. Құранда бұл термин тілдік мағынасында былайша қолданылған: «فَإِذَا أَنزَلْنَا عَلَيْهَا الْمَاء اهْتَزَّتْ وَرَبَتْ» «Сонда Біз оған жаңбыр жаудырған мезгілде құлпырып өседі». («Фуссилат» сүресі, 39-аят). Бұл сөздің шариғаттағы терминдік мағынасы (Ханафи мәзһабы бойынша): Өсім дегеніміз екі тарап бір затты екінші бір затпен айырбастарда, бірін екіншісінен ешбір қайтарымсыз артық мөлшерде алуы. Қарызға берілген ақшаны уақыты келгенде артығымен алу немесе әлдебір заты қарызға беріп, қарызданушы құнын уақытында өтей алмаған жағдайда, оған қасымша уақыт беріп, сол уақыт келгенде құнын артығымен алу.

Үкімі. Ислам діні өсімқорлықты үлкен күнәлардың қатарына жатқызып, онымен шұғылдануға қатаң түрде тыйым салды. Өсімнің харамдығы Құран, сүннет және ижмамен бекітілген.

Құрандағы дәләлдері: 

Ғұламалар өсімқорлыққа бірден емес, бірте-бірте сатылап тыйым салынғанын айтады.

1 -  وَمَا آتَيْتُم مِّن رِّباً لِّيَرْبُوَ فِي أَمْوَالِ النَّاسِ فَلَا يَرْبُو عِندَ اللَّهِ وَمَا آتَيْتُم مِّن زَكَاةٍ تُرِيدُونَ وَجْهَ اللَّهِ فَأُوْلَئِكَ هُمُ» الْمُضْعِفُونَ» «Сендердің  адамдардың малына берген өсімдердің  Алланың  қасында өспейді. Алланың ризалығын тілеп  берген  зекеттерің  өседі. Ал сонда, міне солар артықша  сауапқа бөленушілер» делінген. («Рум» сүресі, 39-аят).

Өсімқорлықтан тыйған осы аят Меккеде иман мен тәрбиенің іргетасы қаланып жатқан кезеңде түсті. Аят өсімді тікелей харам етпей, өсімқорлықтың жағымсыз жақтарын сөз етіп, оның берекетсіз іс екендігін ескертумен шектеліп, жанама түрде оны даттаған.

2 - .فَبِظُلْمٍ مِّنَ الَّذِينَ هَادُواْ حَرَّمْنَا عَلَيْهِمْ طَيِّبَاتٍ أُحِلَّتْ لَهُمْ وَبِصَدِّهِمْ عَن سَبِيلِ اللّهِ كَثِيراً»

وَأَخْذِهِمُ الرِّبَا وَقَدْ نُهُواْ عَنْهُ وَأَكْلِهِمْ أَمْوَالَ النَّاسِ بِالْبَاطِلِ وَأَعْتَدْنَا لِلْكَافِرِينَ مِنْهُمْ عَذَاباً أَلِيماً»  «Сонда  яһудилердің  зұлымдықтарының  және  көптеген адамдарды  Алланың жолынан тосулары салдарынан оларға халал етілген  көптеген жақсы нәрселерді оларға арам қылдық және де оларға тыйым салынған  бола тұра өсім алулары және адамдардың  малдарын  орынсыз  жеулері» деп айтылған. («Ниса» сүресі, 160-161-яттар)

Яһуди дініндегілерге бұрын өсім харам етілгенімен, олар өсімді халал деп, өсімқорлықтан тыйылмаған болатын. Мәдинада түскен бұл аят олардың осы себепті көптеген келеңсіздікке душар болғандықтарын айта отырып, өсімнің харам екендігіне назар аудартқан.

3 – «يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تَأْكُلُواْ الرِّبَا أَضْعَافاً مُّضَاعَفَةً وَاتَّقُواْ اللّهَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ» «Әй, мүминдер! Үсті-үстіне өсім жемеңдер, Алладан қорқыңдар.Әрине құтыласыңдар» – деп айтылған. («Әли Имран» сүресі, 130-аят.) Бұл өсімқорлықтан қайтарған үшінші аят.

4 – «الَّذِينَ يَأْكُلُونَ الرِّبَا لاَ يَقُومُونَ إِلاَّ كَمَا يَقُومُ الَّذِي يَتَخَبَّطُهُ الشَّيْطَانُ مِنَ الْمَسِّ ذَلِكَ بِأَنَّهُمْ قَالُواْ إِنَّمَا الْبَيْعُ مِثْلُ الرِّبَا وَأَحَلَّ اللّهُ الْبَيْعَ وَحَرَّمَ الرِّبَا فَمَن جَاءهُ مَوْعِظَةٌ مِّن رَّبِّهِ فَانتَهَىَ فَلَهُ مَا سَلَفَ وَأَمْرُهُ إِلَى اللّهِ وَمَنْ عَادَ فَأُوْلَـئِكَ أَصْحَابُ النَّارِ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ يَمْحَقُ اللّهُ الْرِّبَا وَيُرْبِي الصَّدَقَاتِ وَاللّهُ لاَ يُحِبُّ كُلَّ كَفَّارٍ أَثِيمٍ».

«Сондай өсім жегендер (қабірлерінен) жын соғып тұрғандай есенгіреп тұрады. Бұл олардың: «Сауда да тура өсім сияқты» деп айтқандығынан. Ал негізінде Алла сауданы халал, өсімді харам еткен. Сонда кім Раббысынан насихат келгенде тыйылса, бұрынырақта өсімнен тапқан табысы өзіне тиесілі болып қалады. Оның ісі Аллаға тапсырылады. Ал кім өсімді адал санап, қайтадан өсімқорлыққа салынса, міне солар тозақтықтар. Олар онда мәңгі қалады. Алла өсімді жояды да сауданы арттырады. Әрі Алла барлық қарсы келуші күнәларды жақсы көрмейді» - деп Алла тағала өсімқорлықты нақты түрде харам етеді, бұл тәсіл харамдықты баяндауда ең ауыр тәсіл. («Бақара» сүресі, 275-276-аяттар.) Бұл аят арқылы Алла құлдарын одан тек қайтарып қоймай, өсімқорларды ауыр жаза күтіп тұрғанын ескертуде.

Сүннеттегі дәлелдері:

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзінің бір хадисінде: «Алла Тағала өсімқорларды, өсімге зат алушыларды және оның куәгерлері мен қағаз бетіне түсірушілерді лағынеттейді» - деген. (Ибн Масғудтан Әбу Дәуіт риуаят еткен). Тағы бір хадисте: «...оның ең жеңіл дегені (яғни, күнә тұрғысынан ауырлығы) еркектің өз анасымен үйленуі іспетті..» деп, өсімнің ең жеңілінің өзі де, өз анасымен үйленгеніннің күнәсімен тең екендігін ескерткен. (Ибн Мажа, «Сунан», Ибн Масғудтан  риуаят  етілген хадис).

Ижма дәлелі

Алғашқы және кейінгі ғалымдар өсімнің барлық түрін, оның азының да, көбінің де харам екенін бір ауыздан құптаған. Имам Науауи өсімнің үлкен күнә екендігін және ол барлық шариғаттарда харам етілгенін айтады.

Өсімқорлықтың харам болуының хикметтері

Жалпы Алла Тағаланың әрбір бұйрығы мен тыйымдары хикметке толы. Оның кейбірі ашық көзге ұрып тұрады. Ал кейбіріне ойлану арқылы сырына қанығуға болады. Өсімнің харам етілуін имам әр-Рази төрт себепке негіздейді:

1. Өсім – ол адамның мүлкін еш қайтарымсыз (эквивалентсіз) алу. Мысалы, біреу бір дирһамды екі дирһамға сатса, сатып алушы жайдан жай бір артық дирһамға ие болады және оны қайтармайды. Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисінде «حُرْمَةُ مَالِ الاِنْسَانِ كَحُرْمَةِ دَمِّهِ» «Адам баласының өмірі қандай құнды болса, оның дүние-мүлкі де сондай құнды» деп адал ақшаның қаншалықты қадірлі екенін баян етті.

2. Өсім – адамның адал ризық тұтынуына кедергі болады. Егер адам баласы өсім арқылы дүние таба бастаса, оңай жолмен келетін ақшаға үйреніп қалады. Бұл өз кезегінде бұл дүниедегі өмір сүру заңдылығына қайшы. Себебі, өмірдің жүйесі сауда-саттық, қолөнер, өндіріс және т.б. адал еңбекке негізделген.

3. Өсім – кісіге қарыз беру, қарыз алу секілді адамдарға пайдалы әрі рұқсат етілген қарым-қатынастың үзілуіне алып келеді. Қарыздануға мұқтаж күйге түскен адам әдетте сол сомманың өзін қайтаруға қиналады. Ал егер оны еселеп артық мөлшерде қайтару қажет болса, тіпті тығырыққа тіреледі. Нәтижеде адамдар арасындағы тепе-теңдік, құрмет, мейірімділік деген өлшемдер әлсірейді, тіпті жойыла бастайды.

4. Өсім – бай мен кедейдің арасын алыстатып, олардың қарым-қатынасын суытады. Себебі, кедейге өсім арқылы қарыз берген байдың әрекетінде қанаушылық сипат басым болады. Бұл Құдай сүйетін іс емес.

Өсімнің жазасы

Өсімнен пайда табушыға екі түрлі жаза болады. Бірі – осы дүниеде, екіншісі – ақыретте.

Дүниелік жазасы: мұсыбеттермен қиындықтардың түр-түрі әйелі, балалары, денсаулығымен кәсібіне жетуі. Аллаһ Құранда былай баяндайды: «يَمْحَقُ اللّهُ الْرِّبَا وَيُرْبِي الصَّدَقَاتِ وَاللّهُ لاَ يُحِبُّ كُلَّ كَفَّارٍ أَثِيمٍ» «Алла (көп кіріс әкелетіндей көрінетін) өсімге береке дарытпайды әрі одан түскен дүниені бірте-бірте кемітіп түбінде жоқ қылады. Ал (көп адамдар дүниені кемітеді деп ойлайтын) зекет-садақаны керісінше өсіреді (еселеп көбейтеді). Алла (харамды адал деп қасарысқан) бірде-бір күнәһар кәпірді жақсы көрмейді». («Бақара» сүресі, 276-аят.) Осы аятты тәпсірлеген Ибн Касир «Алла сол дүниені иесінің қолынан толығымен алып қояды немесе берекесіз етеді» деген. Бүгінгі таңдағы әлемнің жағдайы бұған айғақ бола алады. Себебі, қазір ақша көп, бірақ оның берекесі аз. Көптеген елдерде экономикалық дағдарыс. Мұның бәрі Алланың тыйым салған өсімінен тыйылмай оны емін-еркін қолдануымызда. Бұл өсімнен келетін зардаптың бер жағы. Ал ең қиыны өсіммен шұғылданушының өмірінің соңы жаман нәтижемен бітуі.

Ақыреттегі жазасы: Қияметте жын соққандай күйде тіріледі. Алла тағала бұл туралы: «Өсім жейтіндер (бес күндік дүниеде пайдаға кенелдік деп ойласа да, қиямет күні қабірлерінен) бейне бір жын соққандай күйде түрегеледі. Бұл олардың: «Сауда-саттық тура өсім сияқты», - деп айтқандығынан. Ал негізінде Алла сауданы адал, ал өсімді харам етті. Кімде-кім Раббынан (өсімнің харам екеніне қатысты) қандайда бір нұсқау, ескерту келіп өсімнен дереу тыйылса, бұрынырақта өсімнен тапқан табысы өзіне тиесілі болып қалады. Ал ісі Аллаға тапсырылады (Алла қаласа, тәубесінің шынайылығына қарап, күнәсін кешеді). Ал кім өсімді адал санап, қайтадан өсімқорлыққа салынса, міне, солар тозақтықтар, олар онда мәңгі-бақи қалады». («Бақара» сүресі, 275-аят.) Самура ибн Жәндабтың хадисінде келгендей «Өсім жеуші адам қиямет күні қаннан болған өзенде жүзіп жүреді және таспен қоректенеді». (әл-Байһақи, 4/391.)