Сириядан оралған қыз ақпараттық-түсіндіру тобына мүше болды
Нұр-Сұлтан. 19 тамыз. KAZISLAM – «Жусан» операциясымен Қазақстанға оралған әйелдердің бірі Айнұр Тергеусізова Атырау облыстық дін істері басқармасы жанындағы Ақпараттық-түсіндіру тобына (АТТ) жұмысқа алынды, — деп хабарлайды durbi.kz.
Айнұр Тергеусізова Сирияға кетіп қалған күйеуінің шақыртуымен Түркияға барып, қайтар билетін күйеуінің талап етуімен кері тапсыруға мәжбүр болып, Сирия асып кеткен болатын. ДАИШ-тың құрамында соғысқа қатысып өлген күйеуінің сүйегін де көрмеген Айнұр соқыр сеніммен адасып Сирияға кеткен жүздеген қазақ әйелдері басынан кешкен қиындықтардан өтіп, «Жусан» операциясының арқасында туған жерге аман оралды.
Атырау жеріне табаны тиген сәттен бастап, психологиялық тұрғыда қанша қиын болса да халықтың алдына шығып, өзінің адасқанын, сәләфилік ағымның қате екенін және оның залалы туралы өз басынан кешкен өмірін мысал етіп, жастарға түсіндіріп, халықпен кездесуден бас тартпаған Айнұр, бүгін, міне, өзіне жан-жақты көмектескен атыраулық дін мамандарының қатарында.