Сәләфизм идеясының зияны мен залалы
Қазіргі таңда қазақстандық қоғамды алаңдатып отырған негізгі проблемалардың бірі - сәләфизм идеологиясының халық ішінде, атап айтқанда жастардың арасында белең алуы. Бұл ілім Х‑ХІ ғасырларда Андалусия (Испания) жерінде басталып, ары қарай ХVIII ғасырда Нәжд өлкесі қазіргі Сауд Аравияның солтүстігінде жалғасын тапты. Бастапқы кезден бұл идеологияның өкілдері өзге пікірге төзбеу, өзгелерге агрессиялық көзқараспен қарау, алдына қойған мақсаттарына қарумен болса қол жеткізу секілді сипаттармен танылды.
Андалусия ғұламалары ашғари мектебінің түлектері болғаны белгілі. Бірақ, қазіргі сәләфилік идеяның негізін салған ондағы ханбали мазхабының кейбір ғалымсымақтары елдегі мешіттерде жүріп жатқан дәрістердің барысында өз пікірлерін тықпалап, ашғари мектебінің тәлімдерін жоққа шығарып, дау‑дамайларды тудырып бүлік шығаратын еді. Бұдан кейін он үшінші және он төртінші ғасырларда Шам өлкесінде 1263-1328 жж. өмір сүрген Ибн Тәймия аталмыш идеологияның жалауын көтерді. Ол ислам әлеміндегі дәстүрлі бағыттағы сенім мектептері - ашғари, мәтруди тәлімдерін адасқан деп сынап, қаралады. Аталмыш бағытта томдап еңбектер жазып, бұл идеологияны қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Бүгінде өзіміз білетін сәләфизм идеясы аталмыш кезеңдерден бастау алып, ХVIII ғасырда қазіргі Сауд Аравия жерінде өмір сүрген Мухаммед бин Абдулуаххабтың қолында жаңғырып, өзге діни мектептерге қарсы ерекше агрессиялық үлгіде дамып қалыптасты. Сондықтан тарихта бұл топ уахабилік және уахабилер қозғалысы деген атаумен танымал.
Сәләфизм сөзінің түптөркіні араб тіліндегі «сәләф» яғни бұрынғы өткен, бұрынғылар деген сөзден келіп шыққан. Ислам тарихындағы алғашқы үш буын - Мұхаммед пайғамбардың, сахабалардың және табиғиндердің кезеңдеріне сәләф деп айтылады. Сонымен қатар бұл үш буынның ұстанған жолы нағыз ақиқат әрі дұрыс болып саналады. Қазіргі таңдағы сәләфилер өздерін біз алғашқы үш буынның жолын ұстанушылармыз, сондықтан біз сәләфилерміз деп жариялауда. Бұл топ өзін қаншалықты алғашқылардың жолын ұстанушы - «сәләфилер» деп атағанымен уахабилік қозғалысының жалғасы екенін жасыра алмайды.
Ислам дінінің қазақ жеріндегі тарихы сопылық мектептің тәлімімен тікелей байланысты екені белгілі. Оның мысалы ретінде, Қожа Ахмет Яссауи тәлімінің қазақ халқының діни-дүниетанымындағы орны мен рөлін айтуға болады. Ал сәләфилік-уахабилік ілім сопылық мектептің тәлімін толығымен дерлік жоққа шығарады. Біз мұны Медина қаласындағы Ислам университетінде және Пайғамбар мешітінде дәріс берген сәләфилік бағыттың ғалымдарының бірі Али бин Мухаммед бин Синанның «Әл-мажмуғ әл-муфид мин ақидатут-таухид» кітабындағы мына жолдардан көре аламыз: «Я мұсылмандар, сопылық тариқаттарына қарсы жаппай соғыс жариялап, оларды толығымен жоймағанша, сендердің исламдарыңның пайдасы жоқ. Оларға қарсы яхудилер мен отқа табынушыларға қарсы күресуден бұрын соғысыңдар». Әрине бұдан автордың сопылық мектепке қатысты көзқарасының қаншалықты агрессиялық сипатта екені көрінеді. Бұл тек сопылыққа ғана қатысты емес. Олар мәтруди мектебін де жоққа шығарып, адасушылықпен қаралайды.
Мұндай көзқарас жалпы сәләфизм идеологиясын ұстанатын барлық топтарға ортақ болып табылады. Осының салдарынан қазіргі таңда елдегі мешіттерде және басқа да діни орталарда сәләфизммен санасы уланған азаматтардың тарапынан бүліктер туындап жатқаны мәлім. Олар тек сопылық тәлім мен тариқаттарды ғана емес, дәстүрлі ханафи мазхабы мен мәтруди мектебінің тәлімін ұстанатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын да адасушылықпен айыптайды. Сәләфилік бағыт өкілдерінің тарапынан туындап отырған бұл жағдай болашақта діни негіздегі қақтығыстардың мешіттерден басталуына апарып соғуы ықтимал. Бұған мысал ретінде, 1990-жылдары КСРО құлаған соң посткеңестік елдердің ішкі тыныштығын бұзу үшін Орта Азия республикалары мен Кавказ енгізілген аталмыш діни-саяси доктринаның Шешенстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстандағы қарулы қақтығыстардың шығуына басты себеп болғанын айтуға болады. 2011-2012 жылдары Таразда, Атырауда және Ақтөбеде орын алған өкінішті оқиғаларды сәләфилік идеологияның және «Мұсылман бауырлар» қозғалысынан бөлініп шыққан «Әт-Тәкфир уәл-хижра» жамағатының әрекеттерінің тікелей нәтижелері ретінде қарастыруға болады.
Сәләфизм қазіргі әлемдік жағдайда жахандану саясаты секілді жалпылықты мақсат тұтқан идея болып саналады. Сондықтан оның іс жүзіндегі жағдайы мен әлем халықтары арасындағы таралуы ұлттар мен халықтардың ерекшеліктерін, құндылықтарын жоюға бағытталады. Бұл әрекет «ақиқат, таухид, таза ислам және Құран мен сүннет жолы» секілді ұрандардың саясында іске асуда. Осылайша сәләфизм қазақ халқының және басқа да халықтардың ұлттық құндылықтарын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін шариғат шарттарымен өлшемей тұрып бидғат деп есептейді. Сонымен қатар бидғатқа қарсы бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып күресу әрбір мұсылманның парызы саналады деп уағыздайды.
Қазіргі таңда елімізде ұлттық мүддеге қарсы сәләфизм ерушілері тарапынан жүргізіліп жатқан бұл үрдіс қазақ халқының ғасырлар бойы сақталып және ұлтты сақтап келе жатқан құндылықтарының тамырына балта шабуы әбден мүмкін. Ғасырлар бойы ел мен жердің иесі болып келе жатқан ұлттың ерекшелігі жойылатын болса, жеріміз бен байлығымызды көздеген тараптардың жетегінде кету қиынға соқпасы анық. Себебі, тізгінді өзгеге ұстату өз ұлты мен отанының қадір-қасиетін жете біліп, түсінбеген ұрпақтың жанына бата қоймайды. Осындай жымысқы мақсат болмаса, 11-12 ғасырдан бері мұсылман болып, ислам ғылымдарын жетік меңгерген ұлы ғалымдарды тәрбиелеп келген Орта Азия халықтарының арасында олардың діні мен діни ұстанымын түгелімен дерлік жоққа шығаратын сәләфилік уағызды таратудың не қажеті бар еді?
Шындығында тәуелсіздік алған кезден бастап екі он жылды сараптап қарасақ, Шымкент, Астана, Алматы және еліміздің батыс өлкесінде араб елдерінен келіп жұмыс жасаған ислам дінін уағыздаушылар тек сәләфизм бағытының өкілдері болды. Араб мұсылман елдерінің жалпы діни ұстанымдарына көз жүгіртер болсақ, бір-екі араб елінен басқа елдерде сәләфизм ілімі қолдауға ие болып келмеген. Осы тұста, неге біздің елге араб мұсылман елдеріндегі дәстүрлі исламның өкілдері келіп дінді уағыздамады? - деген сұрақ та туады. Демек, қазақ жеріндегі сәләфизм қозғалысының артында үлкен саяси, қоғамдық және экономикалық мақсаттары бар екені анық байқалады.
Осы тұста сәләфилік идеяның адам психологиясына тигізетін кері әсерін де атап айту қажет. Бұл ұстанымда болған адамның тұла бойын қоршаған ортасына қарсы агрессия билейді. Өзінен және оны қолдаушылардан басқа ұстанымдағы адамдардың барлығын олар мұсылман бола тұра, соның ішінде туыстарын, ата-анасын адасқан, тозақы деп таниды. Айналасына қатысты мұндай агрессиялық көзқарас сәләфилік идеяның өкілін мейірім және жанашырлық деген қасиеттерден айырады. Соның нәтижесінде ол басқаларға қатысты түрлі қатыгез іс-әрекеттерге баруы да ықтимал. Сондай-ақ, ата-ананың қызметі, туыстарға жан ашу және қоғамның қамқоршысы болу секілді адами және ислами моральдық құндылықтардан жырақ болады. Сәләфизм ерушісінің мұндай көзқарасы ел ішіндегі қоғамдық-туыстық қатынастарды ыдыратып, оның құлдырауына апарып соғады. Қоғам институтының әлсіреуін және құндылықтарының жоғалуын мемлекет қауіпсіздігі мен оның болашағына төнген қатер деп тануға болады.
Қазіргі таңда сәләфизмді байсалды (умеренный) және радикалды деп бөліп қарау қажет дейтін пікір иелері бар. Олар өздерінің бұл пікірін сәләфизмнің зайырлы мемлекеттің принциптерін мойындап, қарулы әрекеттерге баруды шариғатқа қарсы іс деп санайтын, сонымен қатар мемлекет тек шариғат заңдарымен ғана өмір сүруі қажет, олай болмаса қаруға жүгіну қажет деп қарайтын екі тобы бар - деп негіздейді. Сондықтан бірінші топты біздің мемлекеттік құрылымға қарсы келмейтін болғандықтан байсалды деп есептеп, күресіміз екінші сәләфизмнің радикалды тобына қарсы бағытталуы керек дейді.
Сәләфилерді мұндай санаттарға бөлуде өте сақ болу қажет деп ойлаймын. Себебі, жоғарыда аталған екі топтың да оқитын әдебиеттері мен ақидасы[1] бір болып табылады. Бұлардың арасында кейбір саяси ұстанымдарда ғана айырмашылық бар болып табылады.
Діни негіздегі ұстанымдар мен сенімдердің өзгеріске ұшырауы әдетте мүмкін емес. Бірақ, саяси көзқарастар мен ұстанымдардың мүдде мен ахуал талабына сәйкес құбылып тұратыны белгілі. Сондықтан сәләфизмді қарулы іс-әрекетке бару немесе бармау тұрғысынан байсалды және радикалды деп бөлуге шартты түрде келіссек те, идея тұрғысынан мұндай екі топқа бөлу мүлде қателік болып есептеледі. Тек қателік қана емес, бұлай ету мемлекет пен қоғамды сәләфизмге қатысты шешімдер мен шараларды қабылдау мәселесінде есептен жаңылдырады. Себебі, сәләфизмнің байсалдысы да, радикалдысы да ислам дініндегі ақида және құқықтық мектептердің ешбірін дұрыс деп қабылдамайды. Сонымен қатар оларды адасқандар, бидғатшылар және тозақылар деп санайды. Келесі кезекте мұндай адасушылықтан ислам әлемін тазарту үшін күресуге шақырады.
Демек, қазіргі таңда саяси көзқарастары байсалды болып көрінген сәләфизмнің мадхалиттер[2] тобы мүдде талабына сәйкес болашақта жоғарыда айтылған негізгі мақсатты жүзеге асырмауына ешкім кепіл бола алмайды. Осылайша бүгінгінің байсалды сәләфилері ертеңгінің радикалы болуы болашақтың еншісінен әбден күтілетін жайт. Сондықтан тек елімізді ғана емес, бүкіл ислам әлемін алаңдатып отырған, жастардың санасын улап жатқан бұл идеологияға қарсы ғылыми, ақпараттық және құқықтық тұрғыдағы тиімді шараларды қабылдау ертеңге кешіктірілетін шаруа емес. Сонымен қатар қоғамға келетін ертеңгі апаттың алдын алуды бүгіннен бастау ел, мемлекет және болашақ ұрпақ алдындағы міндетіміз екенін ұмытпауымыз қажет.
[1] Діни сенім-нанымы.
[2] Өткен ғасырдың 1980-85 жылдары Сауд Аравия жерінде пайда болған, Рабиғ ибн Хади әл-Мадхали деген кісі қалыптастырған сәләфилік топ. Бұл топ АҚШ-тың әскери базасының Сауд Аравия аумағында орналасуының қажеттілігін шариғат тұрғысынан негіздеп берді, сонымен қатар сол елдің билігі тарапынан үлкен қолдауға ие.