Тура жолды қалай табамын

 370
✍️Авторы: Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының теологы - Тұрапбай Ақтөре Әліпбайұлы

21 - ғасырда, технология дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз, адам баласы күнде әртүрлі ақпаратты қалтасындағы телефонынан, үйіндегі теледидардан, жұмыс орнындағы компьютерден  немесе көшедегі танысынан, таксиге отырғанда көлік жүргізушісінен қабылдап жатыр . Ағайын -туыстық дастарханда отырғанда діни сөздер айтылуы мүмкін. Адамның алып жатқан ақпараттары өміріне үлкен өзгеріс алып келуі мүмкін екенін білуі керек, егер де сол ақпараттар қате болса. Қате ақпарат арқылы бірі экстремист немесе бірі террорист  болып кетуі , жоқ дегенде діни радикалданып кеткен бағытты ұстануы мүмкін.
 Өзім куә болған оқиғаны айтқым келіп отыр: бірде дін маманы ретінде бір кісінің үйіне шақырылдым.Қыз баласы екен, бөлмесінен ешқайда шықпай ешкіммен араласпай қойған екен, сөйлесіп көрсем радикалды ақпараттарға іші толып қалған, имамды жек көреді, әке-шешесін адам құрлы көрмейді. Сонда туысынан бұл ақпараттарды қайдан алды, радикалды достары немесе танысы бар ма деп сұрағанымда, үйден ешқайда шықпай діни қате ақпаратты бөлмесінде компьютерде отырып алғаны белгілі болды. Маман ретінде жұмыс жасау оңай болмады, өйткені радикалды көзқараста ұзақ жүріп қалған екен. Адам баласы қандай да бір қате көзқараста ұзақ жүргені сайын бойына сіңе беретіні белгілі. 
Тура жолда болу немесе адасу пенденің ниетіне қарай болатын жағдайлар екені Құранда да анық баян етілген:
 Алла тағала Юнус сүресінің 108-аятында : «Енді кім тура жолда болса, өзі үшін тура жолда болады. Ал енді біреу адасса, өз зиянына ғана адасады. Мен сендерге кепіл емеспін деп айт» делінген. Айтпағым адамның адасуы өзінен ақыл таразысына салмағандығынан немесе сол саланың  маманына жүгінбегенінен болады.
Кейде маман ретінде адасқан адаммен сөйлессең, алған бағыты қате екенін айтып жатсаң да,  тіпті Құран аятынан немесе хадистен дәлел айтып жатсаң да қабылдағысы келмейді.
Алла тағала Ағраф сүресінің 179-аятында: «Олардың жүректері бар, алайда онымен терең ойланбайды, ақиқатты түсінейік демейді» деп жазылған. 
Пайғамбарлар (Алланың сәлемі болсын) да ешкімді мәжбүрлеп, иман еттірмей, тек Алланың ақ жолына шақырып, өз міндеттерін ғана атқарған. Иманға көңілі бұрмайтын пендеге Пайғамбар ешқандай да бұйрық бере алмайды. Себебі, жол таңдау пенденің қалауында. Қалауына қарай, Алла Тағала сол жолдың есігін ашады.
Шәкәрім Құдайбердіұлы адасқан дін ұстанушысы жайында былай дейді:
Таза ақылмен таппаған дiн –
Шын дiн емес, жындылық.
Қармалаған бiр соқырсың,
Өлген ой мен көз, құлақ.
Расында адам баласы өзін бақылаудан шығарып алған себепті қате жолға түсіп кетуі мүмкін екенін ұмытпауымыз керек, ал Алла тағала адамды ешқашан бақылауынан тыс қалдырмайды, сондықтан пенде Алла тағалаға дұғада болуы керек адасып кетпеу үшін, қате жолға білместікке салынып түсіп кетпеу үшін 
 Алла тағала Фатиха сүресінің  5-аятында былай дейді:
«Бізді тура жолға сала көр» деп момын адам әрдайым Алладан сұрап жүру керек.
Тіпті Мұхамед Пайғамбар (саллаллаху алейхи уа саллям) Пайболып жіберілсе де,  Алла тағаладан сұрайтын еді «уа, жүректің иесі Алла тағалам, жүрегімді дініңе бекем ете гөр» деп дұға жасайтын болған. 
Ендеше адам баласы қабылдап жатқан мағлұматтарды әрдайым ақыл таразысына салып жүру керек болады. Ішкі жан дүниесіндегі сұрақтарға жауап таба алмай жатса, онда сол сұраққа қатысты  білікті  маманға жүгіну керек болады.
Әр саланың өз мамандары сияқты, діннің маманы - имамдар және ғалымдар, мысалы адамның жүрегі ауырса дәрігерге барады сырқатын жеңу үшін, діни сұрақ туындағанда, адамдар дін саласының маманынан жауап алмаса,  қате жауапқа тап болары анық.