Зайырлы мемлекет: толеранттылық және заң

 398

Қазақ халқы өз тарихында еш уақытта дінсіз болмаған. Кешегі Кеңес заманында діннен ажыратуға тырысқанымен, оның сыртқы белгілері салт-дәстүр мен әдет-ғұрып түрінде көрініс тапты. Ал ішкі рухы халқымыздың дүниетанымында, тәлім-тәрбиесінде, мәдениеті мен әдебиетінде сайрап жатты. Сондықтан да тәуелсіздікпен бірге дін ұстануға еркіндік берілгенде еліміз дінаралық келісім мен достықты, толеранттылықты, наным-сенім еркіндігін басшылыққа алатын зайырлылық жолын таңдады. Зайырлылық қағидаларына негізделген мемлекеттік басқару жүйесі – көпконфессиялы және көпұлтты Қазақстан үшін бірегей сенімді жол. Бұл қоғамның рухани дамуынан басқа, елдің барлық салаларында: ғылым, мәдениет, білім және т.б. оң прогресті қамтамасыз ететін модель. Бүгінгі таңда уақыттың өзі алдымызға қойып отырған көптеген себептер бойынша мемлекеттіліктің зайырлы сипаты – Қазақстан үшін баламасыз жүйе екенін мойындауымызға тура келеді. Біздің елімізді бүкіл әлем зайырлы мемлекет ретінде біледі. Соның арқасында елімізде 18 түрлі конфессия өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Осы жолдағы басты мақсат – дінаралық достық пен келісімді сақтау, сондай-ақ жастарымыздың деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсуіне жол бермеу. Сондықтан біз оларға мұны түсіндіріп, шынайы жолға бағыттауымыз керек. Мемлекет діндер мен олардың өкілдеріне қатысты бірқатар шектеулерді де өз мойнына алады. Дегенмен, егер олар өз қызметтері барысында заңнаманың бұзылуына жол бермесе, мемлекет діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпайды. Бұл әсіресе дін мәселелеріне қатысты, яғни ғасырлар бойы қалыптасқан наным-сенім мен құлшылық істеріне мемлекеттік органдардың реттеу шаралары керек емес. Мемлекет азаматтардың дінге деген көзқарасын анықтауға араласпайды. Ешкімді де діни белгісі бойынша кемсітуге жол бермейді. Әркім өзі үшін қолайлы немесе қажет деп санайтын сенімді ұстануға құқылы. Қандай да бір сылтаумен және қандай да бір мақсатта бір дінді ұстануға мәжбүрлеуге ешкімнің де құқы жоқ. 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға сәйкес, ханафи мәзһабы негізіндегі ислам Қазақстандағы тарихи мәртебесі танылған дәстүрлі дін. Қазақстан халқының басым көпшілігін мұсылмандар құрайды. Сондықтан ислам тұрғысынан қарайтын болсақ, біздің ата дініміз мұсылмандардан қоғамның әлеуметтік өміріне жауапты болуды, қоғамдық тәртіпті сақтауды, адам өмірінің, ар-намысы мен мүлкінің қауіпсіздігін, оған қол сұғылмауын қамтамасыз етуді талап етеді. Бұл тек мұсылмандардың бір-бірімен қарым-қатынасына ғана қатысты емес, әдетте иман мен исламның тіректеріне сенбейтін, бірақ мұсылмандардың өміріне, ар-намысына, мүлкіне қол сұқпайтын, ғибадат рәсімдерін орындауға кедергі жасамайтын өзге дін өкілдеріне де қатысты. Конфессиялар арасындағы бейбітшілікті сақтау, қоғамның бірлігі мен қауіпсіздік құндылықтары Құранда, Мұхаммед пайғамбардың сүннетінде де айқын көрініс тапқан. Мұсылмандар сол өнегелерді басшылыққа алуы керек. Мұны Құранның аяттары растайды: «Жаман істердің айқынына да, жасырынына да жақындамаңдар. Және де Алла өлтіруге тыйым салған адамның өмірін қимаңдар…», – делінген «Әнғам» сүресінде.

Бір сөзбен айтқанда, исламда мұсылманның қоғамдық келісімді сақтай отырып, барлық адаммен тең қатынаста өмір сүруіне кедергі келтіретін ештеңе жоқ. Ата Заңымыздың да азаматтарымызға ұсынып отырған діни сенім бостандығы дәл осындай. Осы айтылғандарды негізге алар болсақ, бүгінгі зайырлылық ұстанымымыз Қазақстанның рухани дамуының кепілі болып отырғанын сеніммен айта аламыз. Осы жерде бір айта кететін жайт бар. Зайырлылықты атеизммен байланыстырудың ешбір негізі жоқ. Өйткені Қазақстан Республикасының Конституциясы діни сенім бостандығына кепілдік беріп отыр. Ал Ел Президенті «Зайырлылық – атеизм емес» деп нақты айтқаны белгілі. Зайырлылық пен руханият бір-біріне қайшы келмейді. Зайырлылық мемлекетті басқаруға қатысты ұғым болса, руханият – діннің құрамдас бөлігі. Зайырлы мемлекетте әртүрлі діни ұстанымдар болуы мүмкін, олар үшін жалғыз ереже – барлық азаматтар заң үстемдігін мойындап, оның алдында тең болуы. Сонымен қатар, зайырлылық атеизм болмауымен қатар, идеология емес екенін де түсінуіміз керек. Ол адамдардың дүниетанымдық ұстанымдарына бейтарап қарайтын форма. Белгілі дінтанушы Досай Кенжетайдың айтуынша, құқықтық ұстаным ретіндегі зайырлылық моделі мемлекеттілігіміздің барлық қабаттарына қатысты. Сондықтан оны белгілі бір сенімді немесе ұстанымды насихаттайтын идеология немесе дінге қысым жасайтын жүйе деп түсіну қате.

Источник: