Жемқорлық – Құдай алдында да ауыр қылмыс

 1914
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Cыбайлас жемқорлық - кез-келген қоғамның індеті. Адамдық тұрғысынан да, діни тұрғыда да оны ақтап алу мүмкін емес. Павлодар облысына қарасты қала, аудан имамдары  «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде «Ертіс –адалдық алаңы» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде  жемқорлық пен парақорлық мәселесін талқыға салды. Бұл шараға  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Н.С.Жахин, облыс дін істері басқармасының басшысы Д.Қ. Зәкәрияновтар да арнайы келіп қатысты.

Дөңгелек үстелді азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана –сезімін, сондай-ақ жемқорлықтан бас тарту рухында өскелең ұрпақты рухани- адамгершілікке тәрбиелеуді қалыптастыруда діннің әлеуетін қолдану мәселесі  сөз болды.

Өкіл имам Жолдас Қоспақұлы өз сөзінде: «Шариғаттағы жемқорлықтың үкімі - харам. Яғни, үзілді-кесілді тыйым салынған. Асыл дінімізде жемқорлық үлкен күнәлар қатарына жатады. Бұл жөнінде  қасиетті Құран Кәрімде: «Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер. (Мұхаммед Ғ.С.) егер олар саған келсе, араларына үкім бер, немесе олардан жүзіңді бұр. Егер олардан жүз бұрсаң, олар саған ешбір зиянын тигізе алмайды. Ал егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Шәксіз Алла турашылдарды сүйеді», (Мәида сүресі, 42-аят) -деген. Аяттағы «арам жеушілер» дегені - өзгенің мал-мүлкін иемденіп, ақысын жегендер.  Құранның тағы бір аятында: «Араларыңдағы малдарыңды арам жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар», (Бақара сүресі,188-аят) -делінген.   Мұны дана халқымыздың «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп айтқан», -деп тұжырымдады.

Источник: