Жаңа пікірді жазу

Павлодарда «Ақмешіт» алғаш рет Мәуліт мерекесін тойлады

 1231

Павлодар қаласындағы «Ақмешіт» мешіті облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығында алғаш рет мәуліт мерекесін атап өтті.

Мәуліт - Алланың Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздың дүниеге келген күнін ұлықтап, оның атына салауаттан сәлем жолдап, құрмет көрсететін қасиетті діни мереке. Алла Елшісінің дүниеге келген күнін ұлықтауға арналған салтанатты шараны биыл облыс бойынша бірінші болып, «Ақмешіт» имамдары ұйымдастырды. Шараның шымылдығы І Құран жарысының жеңімпазы, екінші сынып оқушысы Мұстафа Ерболұлының Құран оқуымен ашылды. Пайғамбардың туған күнін жыл сайын тойлайтын дәстүрлі мерекеге айналдырған ақ жаулықты әжелеріміз шашу шашып, тойдың сәнін кіргізді.

Одан кейін Мәшһүр Жүсіп мешітінің наиб имамы Хасан Аманқұлов пен «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Жолдас Қоспақұлы барша мұсылмандарды Мәуліт мерекесімен құттықтап, Пайғамбарымыз жайлы уағыз айтты. Имамдар Мәуліт мерекесі мешіттер мен мәдениет үйлерінде ғана емес, әрбір шаңырақта көрініс табуы керек дегенді жеткізді.

- Мәуліт мерекесі алдағы жылдың бірінші қаңтарына дейін бір ай бойы жалғасады. Бұл күндері Алланың Елшісін жанымызбен де тәнімізбен де жақсы көретінімізді білдіріп, салауат айтуымыз керек. Бұл дегеніміз Пайғамбарға сыйыну емес, оған құрмет көрсету. Қасиетті Құранда «Егер олар Алланы жақсы көретін болса, онда Мұхаммедтің артынан ерсін» деген аят бар. Бұл айда бір-бірімізді қонаққа шақырып, мерекенің маңызды екенін көрсету керек, - деді Жолдас Қоспақұлы.

Осы күні Павлодар қалалық «Ақмешіт» мешіті ұйымдастырған «Адамзаттың абзалы» атты жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды. Ақындар мүшәйрасында бірінші орынды Алтай Қадырбек жеңіп алса, екінші орын Абзал Қабдрашқа, үшінші орын Оразбек Саяхатқа бұйырды. Сондай-ақ, көрермендер арасында Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздың өмірі мен Қазақстан тарихына арналған сұрақ-жауап сайысы ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Шара барсында өңірімізге белгілі әншілер Асылбек Сапарбекұлы мен Шыңғыс Асығатұлы әсем әннен, ғибратты термеден шашу шашты.

Источник: