Жаңа пікірді жазу
Павлодар қаласында жаңа мешіт ашылды
Павлодар қаласында «Омар әл-Фарух» деп аталатын күмбезі көкпен таласқан тағы бір зәулім мешіт есігін айқара ашты. Бұл жаңа мешіт Павлодар қаласындағы 7-ші, облысымызда 99-шы мешіті болып ашылып отыр.
Құрылысы бір жыл бұрын басталған, 800-дей адамға арналып салынған мешіт бүгінде толықтай аяқталып, сауапты да жауапты қызметіне кірісіп кетті.
Әуелі бисмилла деп сөз басталық,
Алланың хақ жолынан адаспалық.
Жолы деп шариғаттың ғамал қылса,
Иншалла, сол уақытта азбас халық, деген бабалар сөзін басшылыққа ала отырып, бүгінгі мерекелі шарамызды қасиетті Құран Кәрімнің аяттарымен басталды.
Мұхтар Әуезов:«Қазақ ортасына Ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да, ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан да мұсылманшылық діні де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген. – деп ой толғаған екен. Осыған сай өңірімізге танымал айтыскер ақын Абзал Қабдраш жаңа мешіт құрметіне домбыраға қосылып арнайы жырдан шашу шашты.
Ал алғашқы құттықтау сөз ҚМДБ-ның өкілі Сағитжан қажы Дәулетиярға берілді. Ол өз сөзінде: - Алла Тағаланың жердегі үйінің ашылу салтанаты құтты болсын! Бүгінде еліміз өсу, өркендеу, даму жолында келеді. Мұның барлығы - Тәуелсіздіктің арқасы.Еш мемлекет руханиятсыз өмір сүрген емес. Сол секілді Ислам діні де қазақ мемлекетінің ғасырлар бойғы тірегі мен сүйеніші болып келеді. Қазірде де солай, болашақта да солай болары анық. Ендеше бүгінгідей мешіттің ашылуы мен үшін де, жамағат үшін де зор қуаныш деп есептеймін. Мешіттің сәулеттік кескіні де, тұрған жері де жақсы ойластырылған. Ал, мешіт – жамағатымен көрікті. Сондықтан, бүгін мешітке сыймай жатқан болсаңыздар, ертең одан да көбейе беріңіздер, - деді жамағаттың қуанышымен бөлісіп.
Келесіде сөз кезегін алған ҚМДБ-ның өкіл имамы Исенов Нариман халықты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап «Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с): «Кімде-кім Алланың дидарын қалап, мешіт тұрғызған болса, Алла Тағала жәннатта оған сондай үй тұрғызады», - деген хадисін орындап, сауапты іс жасаған азаматтарға облыс халқының атынан шексіз алғысымды білдіремін», - дей келе мешіт кітапханасына ең үлкен сыйлық - қасиетті Құран Кәрімді тарту етті.
Сонымен қатар «Жақсының жақсылығын айт нұры тассын!» - деп, ғибадат үйін салуға мұрындық болған Павлодар өңірінде ислам дінінің өркендеуіне және «Умар әл-Фаруқ» мешітінің бой көтеруіне үлкен үлес қосқан Павлодар қаласының әкімі Нұржан Кемерұлы, кәсіпкерлер, Абай Рақымқожаұлы, Шухрат Абдурашитұлы, Роман Сергеевич, Сүйіндік Жоламанұлы, Гнел Мартиросович, Дмитрий Борисович, Жеңіс-Дәметкен Байбусиновтар қатарлы азаматтарға ҚМДБ-ның атынан Павлодар облысы өкілдігі мақтау грамоталарын табыс етті.
Жаңа зәулім мешітті Алла ризалығы үшін салып, сауабын марқұм бауырлары Серікжанның рухына арнап, халық игілігіне тарту етіп , осынау игі істі атқарған Берік Умархан өз сөз кезегінде: «Құрметті қауым! Мұсылман ағайындар! Жаңа мешіттің ашылуы үлкен қуаныш. Бұл құлшылық үйін салуға көмектескен барлық азаматтарға алғысымды жеткіземін. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» мақаласында «Туған жер» бағдарламасы аясында әрбір азамат өзінің туған мекеніне, елі мен жеріне, тұрып жатқан қаласының дәулеті мен сәулетіне үлес қосуы тиіс деген болатын. Біздің бүгінгі атқарған ісіміз осы бағытқа қосқан аз ғана үлесіміз. «Умар әл-Фаруқ» атындағы мешіт халықтың игілігіне қызмет етсін»,-деді.
Келесі кезекте мешіт алдына керілген ақ лентаны ҚМДБ-ның өкілі сағитжан қажы Дәулетияр мен өкіл имам Нариман қажы Исенов қиып, мешіт ісіне береке тіледі.
Мешіттің ашылу салтанатына жиналған халық осында жұма намазын оқыды. Жұма намзы алдында өкіл имам аталмыш мешітке ҚМДБ-ның төрағасының бұйрығымен жаңадан имам болып тағайындалған Аманқұлов Хасан Ташайұлын таныстырып, жаңа имам жұма намазын жүргізді. Намаздан соң жаңа мешіт құрметіне «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің үлкен залында ас берілді.
Шаһардың шығыс тұсында орналасқан бұл мешіттің архитектуралық кескіні де тамаша. Ішкі сәулеті де ұлттық нақышпен өрілген. Барлық заманауи талаптарға сай. Жаңа құлшылық үйінің атауы – әйгілі төрт халифаның бірі, Омар хазреттің құрметіне «Умар әл-Фаруқ» делінген. Мешіт аумағы 49 соттық, 500 шаршы метр жерді құрайды. Жалпы, құлшылық үйінде көлемі 250 шаршы метр намаз оқитын залы. Тоғыз жолдың торабында орналасқан мешіттің бір мұнарасы бар. Мешіттің үлкен намазхана залы, неке және имамдар бөлмесі бар. Сонымен қатар автокөліктерге арналған 100 орындық автотұрақ бөлінген. Жаңа мешіт өз сәулетімен кереку шаһарының көркін арттыра түсуде.
«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі