Сириядан оралған әйел халықаралық конференцияға қатысты

 1836

5 қыркүйек. KAZISLAM – Минскте өткен терроризммен күрес бойынша ірі халықаралық конференцияға Сириядан оралған  қазақстандық Аида Сарина да қатысты, — деп хабарлайды Хабар 24.

Іргелі жиынға 50-ден астам мемлекеттің өкілдері қатысып, осы саладағы өз тәжірибесімен бөлісті. Басқосуда А.Сарина әлемнің түкпір-түкпірінен келген жүздеген адам алдында жасақшылардың тұтқынында қалай өмір сүргенін баяндап берді.

Ол 4 жылдан астам уақыт Ирак пен Левант лаңкестік ұйымының тұтқынында болған. 2015-жылдың жазында отбасымен бірге Түркияға демалуға барады. Күйеуі сонда жаңа халифаттағы керемет өмір туралы әңгімелерге алданып, қоныс аударуды шешкен. Бірақ ешқандай кереметтің жоқтығын болар іс болып, бояуы сіңгенде ғана біледі.

– Соғыстан еш пайда келмейтінін айқайлап айтқым келіп тұр. Терроризмнен жалғыз өзім ғана зардап шеккен жоқпын. Сириядағы босқындар лагерлерінде жантүршігерлік жағдайда өмір сүріп жатқан жазықсыз әйел мен бала көп. Олар да өз елдері қайтарып алады деген үміттте, — дейді ол.

Бұл істе өзгелерге Қазақстан үлгі көрсетті. Елбасы «Жусан» атты арнайы операцияны өткізуді тапсырып, Сириядан отанына 600-дей адам қайтарылған. Қазақстанда бұл жандар арнайы бейімдеу орталықтарына орналастырылып, үздік мамандардың демеуімен қалыпты өмірді қайта бастайды. 

–Елге қайтарған 600 азаматымыздың 350-ден астамы балалар. Көбісінің ата-анасы қаза тауып, жетім қалған. Бірақ Қазақстанда әжелері мен апалары бар. Оларды қанатының астына алып, жақында бұл балалар мектепке барды. Бұл – зайырлы мемлекетіміздің адалдығының кезекті бір айғағы, — дейді ҚР СІМ Арнайы тапсырмалар бойынша елшісі Станислав Василенко.

Сондай-ақ, шара барысында он шақты бастама қозғалды. Олардың арасында содырлармен күресте халықаралық ұйымдардың күшін біріктіру, Еуропа аймағына орта қашықтықтағы зымырандарды орналастырмау ұсынылған. 

Ал беларусь президенті Александр Лукашенко:  

–Терроризмге төтеп беру – халықаралық қауіпсіздікті бірлесіп қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Бірақ онымен ғана шектелмейді. Қазіргі кезде біз өткен ғасырдың ортасында қалыптасқан осы халықаралық қауіпсіздік іргесінің шайқалғанын байқап отырмыз.   Осының басты себептерінің бірі – елдер арасында өзара сенімнің азаюы, — дейді.
 

Источник: