Адамдардың жаны үшін күрес жалғасуда
Қазіргі заманғы экстремистердің мақсаты - адамдардың санасы мен жанын жаулап алу . Жыл өткен сайын деструктивтік діни ағымдардың өкілдерімен күрес жалғасып келеді. Ол күрестің қаншалықты тиімді екендігі туралы және азаматтар діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жасаулары үшін нені білулері керек, осылар жайында бізге Павлодар облысы Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының басшысы Раздықова Гүлназ Мақсұтқызы әңгімеледі.
– Құрметті Гүлназ Мақсұтқызы, осы жылдары Сіздер діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жасау бойынша үлкен тәжірибе жинақтадыңыздар. Күрестің қандай әдісі, сіздіңше, неғұрлым пәрменді?
– Иә, көптеген жылдар бойы өзімнің кәсіби қызметіммен байланысты болғандықтан, қиын жағдайға душар болған адамдарға ұдайы көмектесіп келемін. Егер сіз қандай секта ең қауіпті деп сұрасаңыз, мен айтар едім: ең қауіптісі сіздің жақын адамыңызды торына түсірген ұйым деп. Өкінішке орай, бүкіл әлемде қазір ешкім де терроризмнен сақтандырылмаған. Басқалардың өмірін мүлдем бағаламайтын адамдардың бар болғандығы өте қорқынышты. Террористің психологиясында «Егер ол өлмесе, маған өмір жоқ» деген түсінік бар. Мысалы, өз жұмысымның барысында радикалшылардың құрбандары өз өмірлеріне ғана емес, өздерінің кәмелетке толмаған балаларының өмірлеріне немқұрайдылығының куәсі болдым. Ал осы тенденция бұқаралық сипатқа ие болуы мүмкін. Алайда, біз есте сақтауымыз керек: ешқандай дінде, культте діни уәж бойынша адам өлтіруге жол беріломеген. Бұл біздің дінімізге жат қылық, тіпті де біздің таңдауымыз емес. Экстремизммен күрес әдістерінің арасында саяси, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, ұйымдық-техникалық, мәдени-білім беру және ақпараттық әдістер бар. Мен және менің әріптестерім негізінен соңғы екеуі бойынша жұмыс жасаймыз. Мәдени-білім беру шараларына әлеуметтік құндылықтарды ( толеранттылық, төзімділік, диалог және келісім) насихаттау, сондай-ақ барлық конфессиялардың татулықта өмір сүрулеріне жағдай жасау жатқызылады. Ақпараттық шаралардың мәні экстремизмнің және терроризмнің мәнін, қоғам үшін олардың қауіптілігін түсіндіруде. Сонымен қатар бұл әдіс қоғамда экстремистік идеологияға деген жағымсыз көзқарасты қалыптастырады, тұрғындарды деструктивтік діни ағымдарға қарсы күреске тартады . Қазіргі уақытта біз әріптестерімізбен өңірлерде экстремистік идеологияның орнын толеранттылық пен келісім идеяларымен ауыстыру ісімен шұғылданудамыз.
– Тұрғындар үшін діни экстремизмнің зиянды ықпалы туралы ақпарат қаншалықты қолжетімді, адамдар жеткілікті мәлімет алған ба?
– Тәжірибелі маман ретінде айтсам, соңғы жылдары деструктивтік діни ағымдарға қарсы іс-қимыл шаралары түрі және мазмұны бойынша өзгерді. 2011 жылдан бастап діни экстремизмнің алдын алу бойынша жұмыстар негізінен ақпараттық-насихаттық сипатта жүргізілді. Алдын алу жұмыстарының объектілері әр түрлі нысаналы топтар болды. Антирадикалдық иммунитетті дарыту өзінің оң нәтижелерін берді. Бүгінгі күні біз тұрғындардың негізгі бөлігі дәстүрлі емес, тыйым салынған және экстремистік діни ұйымдардың қызметі туралы хабардар деп нық сеніммен айта аламыз. Мысалы, бұдан бес жыл бұрын баласы намаз оқып, мешітке барып жүргеніне ата-анасы қуанды. Бұдан әрі баланың дінді тануы ешбір қағусыз өтіп жатты. Оның әке-шешесі үшін ең бастысы балаларының руханиятқа ұмтылысы болды. Ал қазір мен ата-аналардың балаларының діни тәжірибесіне, дінді таңдауына шын қызығушылық таныту қарқынының артып отырғанын байқаймын. Олар балалармен бірге мешітке барады және имамдардан ақыл-кеңес алады. Бұл өте жақсы. Ата-аналар балаларының рухани дүниетанымының тазалығын сақтауға тырысады деген сөз.
– Сіздердің жұмыстарыңыздың негізгі аспектілері туралы айтсаңыз.
– Соңғы екі жыл ішінде біз негізінен деструктивтік ағымдардың адептілерімен жеке , атаулы жұмысқа бағдарландық. Бізге негізінен «Хизб ут-Тахрир», «Таблиғи жамағат» діни партияларының, жалған салафизмнің, жихадизмнің, тақфиризмнің жолын қуғандар, дианетика жалған ғылыми ілімінің, НРТ, «Алла аят», «Ата жол» ұйымдарының, сирек те болса протестанттық емес ағымдардың құрбандары жүгінеді. Сонымен қатар біз пенитенциарлық мекемелердегі жұмысты күшейттік. Сотталғандармен жұмыс істей отырып, қайталанулардың алдын алу басты назарда болады. Менің тәжірибемде саны 50-ден астам экстремистік қылмыстары үшін жазаларын өтеп шыққан, оңалту курсынан өткен жастардың арасында қайталану, яғни рецидив болған емес. Әрине, қиыншылықтар да жоқ емес. Өйткені біз адам санасымен жұмыс жасаймыз ғой. Бұл формулалармен шығара қоятын математикалық категория емес, біз өз жұмысымыздың нәтижесін әрқашан көре алмаймыз, адамның қаншалықты шынайы деструктивтік ағымнан бас тартқанын түсіне алмаймыз. Оның дүниетанымының өзгергенін қалай білуге болады? Тиімді жұмыс үшін біз діни экстремизммен байланысты терминдерді дұрыс қолдана білуіміз керек . радикалдық идеологияны насихаттаушылардың жетегінде кетуге болмайды. Әлеуметтанушылардың пікірінше, адамдар сенетін аңыздардың ең қауіптілері – «терроризм исламға тән», «барлық мұсылмандар – арабтар», «террорист дегеніміз– шахид», «теракт дегеніміз – жихад». Алайда, Аллаға шын сенетін адамдар осының барлығы исламға жат екендігін жақсы біледі. Құранда зорлық-зомбылық насихатталмайды. Терактіні мұсылмандар емес, террористер жасайды. «Шахид» сөзі «куә » деп аударылады. Бұлар Отанын қорғау, адамдарды құтқару жолында өмірлерін қиған адамдар болуы мүмкін. «Жихад» құлшылық жасаудағы ынта, жігер дегенді білдіреді. «Салафия» – Мұхаммед Пайғамбардың жолын қуушылардың ұрпағы. (с.а.в.). Бүгінгі вахаббиттер «өз ілімдерінің шынайылығына» талаптана отырып, өздерін Алланың елшісінің серігіміз деп танытады. Ал бұлай болуы практика жүзінде де, теория жүзінде де мүмкін емес . Сондықтан оларды жалған салафиттер деп атаған дұрыс болады. – Жалған салафиттермен жұмысты қандай факторлар қиындатады?
– Көптеген жалған салафиттер ішкі жан дүниесін өзгерткілері келмейді, олар оңалтуға да мұқтаж емес екендігін мойындаған жөн. Олар табынатын идеологияларында өздерін жеткілікті жайлы сезінеді. Олардың басты қауіптілігі мынада: олар икемделе бастады, «тақийя» жариялады – ашық жалған айтып, біздің олардан естігіміз келетін сөздерді айта бастады. Бұл консультанттардың, теологтар мен психологтардың жұмысын біршама қиындатады. Бүгінгі күні Интернет-кеңістікте радикалистермен белгілі жұмыстар жүргізілуде. Салафизмге тарту әдісі және оның идеологиясын тарату «сұрақ-жауап» принципі бойынша құрылған . Бұл былайша айтқанда «миға шабуыл жасау» , яғни сұрақ қойылады, сұраққа жауап шетелден келеді.Радикалистер әлеуметтік желілер арқылы да жұмыс жасайды. Бұл орайда барлық сұрақтар діни тұрғыда, сауаты аз адамдар әлемдік саясат мәселелері бойынша пікірталастарда өз пікірлеріне қайшы келіп, күмәнданатындай етіп құрылады, бұл дегеніміз кейіннен олар жалдауға оңай беріледі. Деструктивтік діни ағымдардың жолын қуушылар саясат, геосаясат, шариат мәселелерінде өздерін мұсылмандықты уағыздаушылардан гөрі неғұрлым құзыреттіміз және сауаттымыз деп есептейді. Қазіргі заманғы экстремистердің мақсаты – адамдардың ақыл-есін және жан дүниесін жаулап алу.
– Осы жағдайдан шығудың жолы қандай деп ойлайсыз?
– Арнайы органдар мен құқық қорғау блогының қызметкерлері ғана экстремизм зұлымдығымен күресуге тиіс деген қоғамдар, азаматтар бұл күресте ұтылады. Діни сауатты азаматтық қоғам ғана мемлекеттің денесіндегі осы қатерлі ісікке төтеп бере алады. Ол үшін барлық сегменттер мен институттарда айқын жұмыс жолға қойылуы керек. Бұл күресте журналистердің өткір көзқарасы болуы өте маңызды. Қоғамның және баспасөздің өзара жауапкершілігі ғана бұл дертке қарсы тұруға мүмкіндік береді. Осы тақырыпты зерттеген сайын менің көзім мынаған жетті: жақсы оқытылған және кәсіби шеберлігі шыңдалған, діни экстремизммен және терроризммен байланысты мәселені және ахуалды жақсы түсінетін журналистердің жүйелі жұмысы кез келген антитеррористік конвенциядан тиімдірек. Журналистік «спецназ» радикалдық идеяларға қарсы іс-қимыл міндетін барынша жақсы орындай алар еді. Ал мен радикалдық идеялардың салдарымен, қажетті ақпарат уақтылы жетпеген адамдармен жұмыс жасар едім.
– Гүлназ Мақсұтқызы, Сізге мазмұнды сұхбатыңыз үшін үлкен алғыс білдіремін.