Дін туралы жаңа заң бейбіт конфессиялар үшін проблемалар туғызбайды

 148

Павлодар Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлназ Раздықова:

Бүгінгі күні қоғамда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұсынып отырған түзетулерімен «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы кейбір заңнамалық актілеріне ҚР өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы кең  талқылануда. Біздің тапсырысымыз бойынша «Адал» тәуелсіз бірлестігінің өкілдері түрлі конфессиялардың заңнамаға енгізілетін өзгерістер енгізілуіне қатысты пікірлерін зерттеді. 

Конфессиялардың лидерлері  заңнамадағы өзгерістер уақыт талабы деген пікірге келді. Олар бейбіт конфессиялардың  құқықтарын жетілдіруге және радикалдық идеологияның таралуына тосқауыл болуға бағытталған.

Вячеслав Шипачев, «Церковь Христиан Веры Евангельской «Новая Жизнь» ЖДБ пасторы:

- Біздің діни бірлестігіміз Павлодарда қызмет жасағанына 25 жыл болды. Қазақстан мемлекетінің заңдары қызметімізге еш бөгет келтірмей, діни канондарды сақтауға және салттарды өткізуге, құлшылық етуге көмектесетінін атап өткім келеді. Кез келген мемлекеттің заңдары Қасиетті жазумен үйлесіп жатады. Құдайдың «Адам өлтірме», «Ұрлық жасама» деген өситеттері көптеген діндердің негізін құрайды. Осы канондар мемлекетке және адамдарға адал, дұрыс өмір сүруге көмектеседі. Сондықтан да дінге сенуші адамдардан мемлекетке тек пайда келеді.

Кез келген дін – қоршаған ортаға, отанға деген махаббатты білдіреді. Біз өз елімізді сүйеміз және осында болып жатқан барлық өзгерістерге түсіністікпен қараймыз. Біз заңнама жобасына ұсынылып отырған өзгерістермен таныса отырып, оларды қолдаймыз. Өйткені заңнаманы жетілдіру дінді уағыздау үшін жақсы жағдайлар туғызу үшін жасалады.  

Юрий Клочков, «Павлодарская община Евангельских Христиан Баптистов» ЖДБ пасторы:

- Әрине, адамның әр нәрсеге өз қөзқарасы, тілектері болады. Бірақ мемлекеттің аты – мемлекет. Ол әр адамның мүддесін ескере алмайды. Оның заңнамасы қауіпсіздігін қорғау мүддерінен туындайды. Сондықтан да біз заңдағы өзгерістерді қолдаймыз. Бізге ұсынылып отырған барлық шарттарды қабылдаймыз деп айтуға болмайды. Біз ел азаматтары ретінде шектеулердің аздау болғанын қалар едік.

Дегенмен де заң кейбір іс-қимылға тыйым салғанымен, қайсыбіріне рұқсат береді. Сонымен қатар, бізді заңды бұзатын адамдардың қаскөйлігінен қорғайды. Осы заң қызметімізді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Заң шеңберінде біз қызмет жасауға еркіндік аламыз.

Мені басқа мәселе толғандырады. Мысалы, кәмелетке толмаған балалардың діни салттарға қатысуына қатысты өзгерістер. Мұны үлкен ғимараттарда қалай қадағалауға болады? Шектеулер енгізілуіне байланысты бағалау көрсеткіштері, тетіктері, қалайша енгізілетіні, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс деген сауалдар туындайды. Қоғамымызда адамдардың басқалардың пікірін құрметтейтін, мейірлі болуы үшін әлі де болсын көп жұмыстар атқару қажет деп ойлаймын. Біз балаларымызды басқаша ойлайтын адамдарға бейтарап болуға үйретуіміз қажет.

Тұтас алғанда, біздің қауіпсіздігімізді мақсат тұтқан заңнамадағы өзгерістерді қолдаймыз. Біздің жергілікті билік органдарымен қарым-қатынасымыз жақсы. Біз отбасылық құндылықтарды, салауатты өмір салтын ұстанамыз. Сондықтан да біздің заңмен еш проблемаларымыз жоқ. Жаңа заң қоғамның тыныштығын бұзып отырған адамдарға қолайсыз болады деп ойлаймын.

Андрей Акава, «Церковь христиан адвентистов седьмого дня города Павлодара» ЖДБ пасторы:

- Жаңа заң қызметімізге еш кедергі келтірмейді, керісінше бізді қорғайды. Заң – азаматтарымызды қорғайтын тетік. Заң болмаса еш тәртіп болмайды. Біз азаматтарының қауіпсіздігін қорғайтын жаңа Заңды қолдаймыз.   

Баршамызға мәлім, қазіргі күні радикалдық қозғалыстар қарқынын күшейтіп келеді. Үш жыл бұрын дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері шіркеулердің біріне консультация аламыз деген желеумен келуінің куәсі болдым. Олардың ұстанып отырған діндері дұрыс, басқалары қателесіп жүр деп даурықты. Бірақ ешкімнің басқаларға өзінің діни көзқарастарын таңуға құқығы жоқ қой.

Заңнамаға шектеулер радикалдық діни идеялардың таралуына тосқауыл болу үшін енгізіледі деп ойлаймын. Сонымен қатар кәмелетке толмаған балалардың діни салттарға қатысуына қатысты шектеулер дұрыс деп санаймын. Осының барлығы балаларымызды радикалдардың ықпалынан қорғау үшін жасалып отыр. Ата-аналар балаларының қайда барып жүргенін білуі керек. Өйткені, жас жігіттерді, қыздарды алдап, адастырған жағдайлар болды ғой.

Жергілікті органдардың өкілдері заңды тыңдайтын, бейбіт діни конфессиялардың қызметіне шектеу қоймауы – ең басты мәселе деп ойлаймын. Жалпы алғанда, біздің балаларымызды қорғау үшін қабылданатын заңнамадағы өзгерістерді қолдаймыз. Ол қоғамдық тәртіпті бұзғандарға кедергі болып, заңды бұзбайтын азаматтар үшін  еш проблема туғызбайды.