ЕЛДІК ҚҰНДЫЛЫҚТАР: ДІН, ДІЛ, ДӘСТҮР (1 бөлім)

 375

Мемлекет басшысы 3 қаңтарда газетімізге берген сұхбатында: «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс», деді. Халықты біріктіретін, ынтымаққа ұйытатын елдік құндылықтардың бірі – сенім, яғни дін десек, қателеспейміз. Өкінішке қарай, кейінгі кезеңде түрлі күштер дінді қоғамды біріктіру жолына емес, жік салу мақсатына пайдаланды. Оның салдарын біз әлі күнге көріп те келеміз. Осы орайда елдің жанын ауыртқан, зиялыларға қам жегізген діни ала-құлалықтан қалай арыламыз? Елдік құндылықтар – дін мен діл, дәстүр мен білік үйлесімін лайықты кәдеге жаратып, халықтың ынтымағын арттыру үшін не істеу керек? Газет редакциясы ұйымдастырған кезекті дөңгелек үстел осы тақырыпқа арналды.

 Жиынға «Отандастар» қорының президенті, Төтенше және өкілетті елші Абзал Сапарбекұлы, абайтанушы, ІТ саласы маманы Сұлтан Ыбыраев, ҚМДБ Діни уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, PhD, күрделі уақытта Атырауда өкіл имам болған Батыржан Мансұров, дінтанушы, философия ғылымдары¬ның кандидаты Кеңшілік Тиышхан, дін саласындағы мемлекеттік сая¬сат сарапшысы Ержан Байбол қатысты. Шараны «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы жүргізді.
Дәстүрді дәріптеу маңызды

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ: –

 Бұл жиында көтергелі отырған тақы¬рыбымыз қоғамның бүгінгі тірші¬лі¬гі үшін де, елдің ертеңі үшін де аса маңызды. Дін мен діл, дәстүр мен білік – қай заманда болсын маңызы мен мәнін жоғалтпайтын елдік құндылықтар. Таяу¬да газетімізге берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев озық ойлы, сапалы ұлт туралы келелі ой-пікір айтты. Ұлттық құндылықтарды дамыту, елдің рухани бірлігі мен берекесі маңызды екенін атап көрсетті. Бүгінгі қоғамда дінді құндылық және өмір салты ретінде ұстануда қордаланған мәселе көп. Сіздер мұны жақсы білесіздер, тіпті осы жұмыстың қайнауында жүрсіздер. Біліктеріңізді жұмсап, оңтайлы шешуге атсалысып та келе жатырсыздар.

 «Жалпы, елдегі дін саласына келең¬сіздіктер қашан келді?» деген сұраққа жауап беру үшін тарихымызға барлау керек. Кез келген нәрсе себепсіз болмайды. Бірақ біз, Президент айтқандай, озық ойлы ұлт ретінде алға қарауымыз қажет. Бұл – бұрын қателікке ұрынған бауырларымызды шетке теппей, олқы¬лық¬тарымызды түзеуге әрекет жасап болашаққа дұрыс қадам басуды талап ететін жол іздеу деген сөз. Ұлт басылымдары осы проблемаларды шешу мақсатында дәйекті ой-пікір айтып, қоғамды саламаттандыруға үлес қосып жүр. Бүгінгі мақсатымыз да – «Egemen Qazaqstan» газеті мен интернет-сайты арқылы жүз мыңдаған оқырманға сіздердің сөздеріңізді, ойларыңызды жеткізу.

Бірінші кезекте ұлттық бірегейлік пен жалпыұлттық құндылықтарды қалып¬тастыруда дін мен қоғамның үйлесімі туралы пікірлеріңізді ортаға салсаңыздар. Дін мен қоғам қалай ортақ тоқтамға келуі керек және бүгінгі проблемалар неден туындап жатыр? Қазір халқымызға теріс діни ағымдар тарапынан қандай қауіп бар? Бүгінде әлеуметтік желілерде елбұзар қилы ой-пікір айтылып қалады. Бұл арнайы арандатушы топтардың әрекеті ме, әлде ашық қоғамда болуға тиіс заңдылық па? Мұның елдің бірлігіне қатері қандай?
 Шыны керек, бүгінгі жұрт дінге секеммен қарайды. Дін саласы әлі де жүйеленіп, бір арнаға түсе қойған жоқ деп ойлайды. Біз қоғамның айнасы болғандықтан, қарапайым халықтың бұл секемі мен күдігіне мамандарды тартып, жауап бергеніміз жөн. Қоғамды біріктіруші, бейбітшілікті уағыздаушы діни құндылықтар соңғы уақытта көбіне негативті сипатта да айтылып жатқанын байқаймыз. Мұның қаншалықты зардабы бар? Дін халықты біріктіруші емес, адамдарды бір-бірінен алшақтататын күшке айналып кетпей ме? Осы сұрақ¬тар¬ға жауап ретінде алғашқы сөзді мүфтият өкілі, дін қайраткері Батыржан мыр¬заға берсек.

Источник: