IІІ жыл сайынғы шығармашылық фестиваль Ертіс өңірі конфессияларының басын қосты

 1117

Павлодарда  діни бірлестіктердің Рухани келісім күніне арналған IІІ жыл сайынғы шығармашылық фестивалі  болып өтті. Дәстүрлі іс-шараны облыс дін істері басқармасының Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы ұйымдастырды. 

Шығармашылық фестивальдің мақсаты -  түрлі конфессиялардың діни бірлестіктері арасында мәдени-рухани байланыстарды кеңейту, діни бірлестіктер мүшелерін  өңірдің қоғамдық-мәдени өміріне белсенді тарту, қазақстандық қоғамда   толеранттылық принциптерін нығайту.

Облыс дін істері басқармасының басшысы Дәулет Зәкәриянов  жиналғандарды Рухани келісім күнімен құттықтап,  бүгінгі фестивальға қатысушыларға табыс тіледі. «Бүгінгі кездесу - түрлі конфессиялар арасында келісімге қол жеткізу мақсатында  бірігу үшін жасалып отырған тағы бір мүмкіндік»,- деп атап өтті Дәулет Қоқанұлы.

Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлназ Раздықованың айтуынша,  биыл фестиваль шекарасын кеңейте түсті.  Іс-шараға Павлодар қаласының ғана емес, облыс аудандары орталықтарының және ауылдарының  діни бірлестіктері қатысуда.    «Фестиваль барысында оған қатысушылар басқа мәдениеттің сұлулығын түсінуі, үлкен құрметпен қарауы маңызды. Осындай кездесулерден қоғамда рухани бірлік орнайды»,- дейді Гүлназ Мақсұтқызы.  

Іс-шара барысында түрлі конфессиялардың  16 шығармашылық ұжымы өнер көрсетті. Фестивальдің концерттік бағдарламасы мазмұнды және қызықты болды.

Конфессиялардың өкілдері  келісімді, достықты, толеранттылықты  өлең оқу, әндер мен билер орындау арқылы  білдірді.

Фестивальды «Мәшһүр Жүсіп» мешітінен қатысушы   Қуаныш Шарманов ашты, ол Қасым Аманжолдың «Өзім туралы» әнін орындады.  «Павлодар қаласынынң Благовещенск Кафедральды соборының» шәкірттері  сахналық көрініс орындады.  «Поместная церковь Адвентистов Седьмого Дня» хоры 4 вокал нөмірін көрсетті. Әнші  Евгения Лысова  саксофонда «Ты моя надежда» атты шығармашылық нөмірін орындады,  Николай Косенков «Он тебя ждёт» әнін шырқады. Ертіс ауданынынң «Ержан» мешіті  Серғали Рысжановтың халық термесін орындады. Ақсу қаласы  Воскресенск храмы приходының өкілдері  «Казахстан» және  «Мое родное Прииртышье» өлеңдерін оқыды.  Павлодар қаласының «Надежда» шіркеуінің  қатысушысы  Елена Кан  кәріс халқының  әнін орындады.

Павлодар қаласының Рим-католик шіркеуінің өкілі  отец Казимир ұйымдастырушыларға «Біз үкіметімізге басқа конфессиялармен  бірге болуға және еліміздің амандығын тілеп,  дұға оқуға берген мүмкіндігі үшін алғыс айтамыз, ұйымдастырушыларға үлкен ризашылық білдіреміз»,- деді.                Қатысушылардың пікірінше, фестиваль  сан алуан ұлттар мен ұлыстардың, діндердің  басын қосып, біріктірді. Әр түрлі дін өкілдерінің ынтымақтастығына және мәдени алмасуына жол ашатын алаң болды.

Фестиваль соңында қатысушыларға  алғыс хаттар  мен естелік сыйлықтар табыс етілді.