Ислам мемлекеті (ИМ) – ислам да емес, мемлекет те емес

Гүлназ Раздықова, «КҚТДО» ЖШС директоры

Терроризмнің қазіргі қауіп-қатері және қоқан-лоққысы көптеген мемлекеттердің мазасын алып отыр, Қазақстан да солардың қатарында. Бүгін біздің еліміз жаһандық террористтік қатерге қарсы іс-қимыл жасау үшін барлық күш-жігерін аянбай жұмсап отыр.

Қазақстанда 2015 жылғы қазан айында қызметіне тыйым салынған «Ислам мемлекеті» (ИМ) халықаралық террористік ұйымының лаңкестік қызметінің ауқымы өте кең. Адамзатқа қарсы идеология барлық континеттердегі түрлі елдердің азаматтарын топтастырып отыр. Сондай-ақ ИМ сарбаздарының қатарын Қазақстанның, соның ішінде Павлодар облысының азаматтары толықтырды. Бұл қайғылы статистика ғана емес, жастардың сынған тағдыры, олардың туған туысқандарының қасіреті.

«Джихад» жасау үшін жастар Сирия аумағында жиналды. Олардың осындай қадамға баруына  діни надандықтары, өмірге деген дұрыс бағдарларының болмауы, тәрбиенің кемшілігі, отбасылық-психологиялық проблемалар әсер етті. Осы идеологиялық уәж және зомби қылу демократиялық мемлекеттің заңдарына, сондай-ақ шариаттың нормаларына қайшы келеді.

ИМ танымал болуын зерттеушілер былай түсіндіреді: ең алдымен ол ақпараттық кеңістіктегі белсенділігімен, мақсаттылығымен және әлеуметтік желілерді және месенджерлерді тиімді пайдалануымен ерекшеленеді.

Топ 2006 жылы «Аль-Каида» террористік желісінің бір тармағы ретінде құрылған. Дербес террористік ұйым ретінде 2014 жылдан лаңкестікпен айналысып келеді. Негізгі мақсаты – ислам әлемінде және одан тыс жерлерде «шариат мемлекетін» құру. Өзінің террористік қызметін іске асыру үшін ИМ қаржы құралдарын заңсыз мұнай сатумен, құлдар саудасымен, ақша алу үшін адамдарды ұрлаумен, сондай-ақ есірткі және мәдени құндылықтарды заңсыз сатумен толықтырады.

Егемен халқы бар заманауи демократиялық мемлекеттерден айырмашылығы - ИМ лидерлері көне замандардан бері ислам әлемінде өмір сүріп отырған халықтардың еркін және мүддесін қорғамайды.

Заманауи мемлекет тегіне, ұлтына, діни дәстүрлеріне қарамастан өзінің әрбір азаматының мүдделерін қорғауға міндетті. Ал ИМ болса, халықты қорқытып-үркітіп, зорлық-зомбылық жасау арқылы діни радикалдардың шағын тобының мүдделерін қорғайды. Сондықтан да ИМ-ны дүниежүзілік қауымдастық мемлекет ретінде танымайды.

Өркениетті мемлекет адамның өмір сүру құқығы, қауіпсіздік құқығы, ерлер мен әйелдердің тең құқықтары, сондай-ақ сөз бостандығы мен ар-намыс бостандығы сияқты ажырамас құқықтарын жариялап, оны қорғайды. Ал ИМ қазіргі адамның барлық құқықтары мен бостандығын жаппай жоюды мақсат етеді.

Араб тілінен аударғанда «ислам» дегеніміз «Аллаға бой ұсыну, бағыну» дегенді білдіреді. Исламды қабылдаған адамдар өздерін мұсылмандармыз, яғни «Алланың еркіне бағынатындар» деп атайды. Нағыз, шынайы исламға радикализм, агрессия, басқаларға өздерінің діни нормаларын таңу, ксенофобия жат. ИМ жолын қуушыларға жоғарыда аталғандардың бәрі тән.

Соңғы кезде «салафиттер», «хариджиттер», «ваххабиттер» деген ағымдарға сенушілер саны артып отыр. ИМ лидерлері өздерін осы аталған ағымдардың ультрарадикалдық қанаттарына жатқызады. Олар исламның жазуларын және қағидаларын өздерінше қарадүрсін түсіндіреді. Дін ілімін осылай қарапайым түсіндіру ең алдымен жастарды тартады. Радикалдық көңіл күйдегі дінге сенушілер зайырлылық заңнамасына және дәстүрлерге жағымсыз көзқараста болады, исламға дейінгі мәдениетті жоққа шығарады. Олар адамды жерлеу рәсімдерін, тағы да басқа бірқатар мұсылман мейрамдарын құрметтемейді. Радикалдар заманауи өркениетке, басқа діндерге сенушілерге жау көзқараста. Дәстүрлі ислам жанашырлыққа, мейірбандылыққа үндесе, радикалдар миссионерлік қызметтерінде агрессиямен және мәжбүрлеу әдістерімен ерекшеленеді.

Террористердің бақылауларындағы аумақтарда көне тарихи ескерткіштер және дүниежүзілік маңызы бар мәдениеттер аяусыз жойылып, ұрлануда.

Өздерінің қатарларына жаңа сыбайластарды тарту үшін террористер бұқаралық коммуникациялар саласындағы соңғы заманауи технологияларды қолданады. Бұл топтарда өте жоғары еңбекақы алатын медиа-мамандар, әлеуметтанушылар және психологтар жұмыс істейді.

ИМ белсенділері өз аккаунтарын Facebook, Twitter, Instagram, Friendica, Telegram, «В Контакте», «Одноклассники» желілерінде жүргізеді.

Әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың ИМ-ның Интернетке орналастырған материалдарын ойланбастан «перепост» жасауы – террористердің әлеуетті құрбандарының санын арттыратынын әрдайым есте сақтағандарыңыз жөн. Олардың арасында сіздердің достарыңыз бен туыстарыңыз болуы мүмкін. Мұндай іс-әрекетті Қазақстан соты экстремистік бағыттағы материалдарды тарату ретінде таниды, ол үшін әкімшілік және қылмыстық жаза қарастырылғанын естен шығармау керек.

Террористік ұйымдардың қызметіне қатысу ауыр қызмыстық жаза екендігін білуіміз қажет ( ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабы ұзақ уақытқа, тіпті ғұмыр бойы бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады).

Егер Сіз өзіңізді мақсатты үгіттеу жүріп жатқанын сезсеңіз, дереу 32-50-50 сенім телефонына немесе 114 «шұғыл желісіне» хабарласыңыз немесе тікелей құқық қорғау органдарына жүгініңіз.

Сіз ИМ қызметіне тартылсаңыз, өз өміріңіз бен бостандығыңызға қатер төндіретініңізді, жақындарыңыз бен туыстарыңыздың тағдырларына нұқсан келтіретініңізді әрдайым естен шығармаңыз.