Исламдағы ең алғашқы деструктивті ағым - Харижиттер

 3676
Қалдыбеков Нұрбол, сарапшы-теолог

Радикалды ағымдардың идеологиясының таралуы әлем халықтары үшін бірінші кезектегі проблемалардың қатарына еніп отыр деуге толық негіз бар. Себебі, БҰҰ, Еуропа кеңесі т.б. көптеген халықаралық ұйымдар экстремизм мен терроризмге байланысты біршама құжаттар қабылдаған.

Жалпы кез келген дінді бір қырынан ғана танып, қатаң түрде ұстану салдарынан діни радикалдық көзқарастың пайда болатындығын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Діни радикалды идеологияның кез келген елдің қалыптасқан әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне, моральдық-рухани құндылықтарына, жалпы алғанда қоғамның бірлігі мен ынтымағына, діни ахуалдың тұрақтылығына төндірер қаупі зор.

Қоғамның қозғаушы күштерінің бірі болған діни ахуал адам мен адам, адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынасты реттей отырып, мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығын құрауда өзіндік рөлге ие. Сол себепті адамзат қоғамының тұрақтылығына төнген қауіп – дін атын жамылған эксремизм мәселесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты өзінің Қазақстан халқына Жолдауында ерекше тоқталып өтті. Радикализм, экстремизм және терроризмнің барлық түрлері мен көріністеріне қарсы күрес жүргізуді мемлекет пен оның институттарының маңызды қызмет бағыты ретінде белгіледі.

Діни экстремизмге қарсы күресу үшін ең алдымен, оның табиғатын, себебін, біздің қоғамда пайда болу ерекшеліктерін анықтап алған жөн. Негізінде дінге байланысты экстремизм мен террор кеше мен бүгін ғана пайда болған құбылыс емес. Оның ертеден келе жатқан тарихи тамыры бар. Қазіргі лаңкестік әрекеттердің мәнін түсінуде адамзат тарихындағы діни көзқарастар мен саясаттарды ғылыми жағынан зерттеудің маңызы ерекше. Өйткені бұл осы кездегі діни экстремизм мен терроризмнің саяси-әлеуметтік негіздерін анықтауға көмек береді. Жалпы діни радикалды көзқарас қайдан шықты? Оның түп-төркіні қайда жатыр? Жалпы радикалды түсініктің тамыры тереңде жатыр. Әсіресе діни радикалдық ой-сана сонау Мұхаммед пайғамбар заманында-ақ қылаң бере бастаған. Соның нәтижесінде ислами ағымдардың алғашқысы Харижиттер пайда болды. Бұл ағым саяси радикалды түсініктің негізінде туындады. Кейіннен дінді желеу ету арқылы сол саяси көзқарастары мен пікірлерін жүзеге асыруға ұмтылғандықтан, Кәләм ілімі мен мәзһабтар тарихы саласының қарастыратын нысанына айнала бастады.

Қатаң, төзімсіз, бір нәрсені жою секілді дөрекі әрекеттерімен ерекшеленетін Харижилік түсінік әр дәуірде осындай кейбір белгілерімен танылады. Мұндай түсінік жиһад, батырлық, Алла жолына шақыру секілді қаһармандыққа үгіттейтіндіктен, әсіресе жас ұрпақтың алданып қалу ықтималы болғандықтан, оны жақсы тану маңызды. Ойлау жүйесі таяз, көп жағдайда ілімнен мақұрым, нассты (аят-хадис) өз білгендерінше жорамалдап түсінетін, тіпті насқа лайықсыз мағыналарды беретін, исламның күллі әлемге рақым етіп жіберілген дін екендігін көрсете алмайтын, жабайы һәм қыңырлыққа толы ұстанымдарымен ерекшеленетін, өз түсініктеріне келіспегендердің барлығын адасты санайтын, тіпті діннен шығаратын, оларды өлтіруді дұрыс деп есептейтін мұндай түсініктің зиянынан үмбетті қорғау қажет. Егер де бұл ағымның негізгі ерекшеліктерін, жалпы түпкі мақсатын, әрекет ету тәсілдерін, жүйесін өмірлік тәжірибедегі мысалдар шеңберінде зерттер болсақ, қазіргі таңдағы көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан уақыттың талабына сай бола білумен қатар сақтықпен әрекет етуімізге және жас ұрпақты олардың ығына жығылудан аман сақтап қалуымызға ықпал етеді.

«Харижи» сөзі араб тіліндегі جَرَجَ түбірінен шыққан, кіру етістігінің антонимі саналатын шығу сөзінен туындаған сөз. Іс-қимылды білдіретін «хариж» сөзіне «ي» жалғауы жалғану арқылы туынды сөз болып тұр. Яғни осы топқа қатысы бар адам харижи деп аталады. Харижи сөзінің көпше түрі «Хауариж»[1]. Ал термин ретіндегі анықтамасы харижилер ‒ бұрын хазірет Әлидің қол астында болып, кейін оның әскерінен бөлініп, Ислам әскерінің сапынан шыққан радикал топтың атауы. Өздерінің айтуларынша «Алла жолында бөлініп шыққандар» болғаны үшін осылай аталған[2]. Бұл атау кейін мұсылман үмбетінің мойынсұнған шариғатына қарсы шығып, қару көтерген топтардың барлығына берілген[3].

Харижиліктің пайда болуын тарихшылар қанша жерден Сыффин шайқасынан кейін «қазылық ету» оқиғасымен басталды дегенімен, кейбір ғалымдар бұл ағымға тән пікірлердің тұқымы Зулһуайсирадан және одан кейін хазірет Османның шейіт етілген кезеңінен басталғандығын алға тартады.

 

Зулһуайсира

Хадисте анық аталған бұл кісінің Пайғамбар заманында көрсеткен әдепсіздігі Бұхаридың хадис жинағында былай баяндалады:

«Әбу Сағид әл-Худриден жеткен хадисте былай делінеді. Аллла елшісі Хунейн шайқасынан түскен олжаларды бөлуді бұйырған кезде Бәни Тәмим тайпасынан Зулһуайсира есімді бір кісі келді де: «Ей, Мұхаммед, Құдайдан қорық, әділ бол!» деп дүрсе қоя береді. Пайғамбар бұл жағдайдан өзін қатты жайсыз сезініп: «Мен әділ болмағанда кім әділ болады?! Егер әділ болмасам, құрдымға кетер едім» дейді. Осы кезде сахаба Омар болған жайтқа қатты ашуланып: «Уа, Алланың елшісі! Рұқсат ет, мына әдепсіздігі үшін мұның сазайын берейін» дейді.

Пайғамбар сабырлы қалпында: «Тимегін оған. Келешекте осындай түсініктегі адамдар пайда болады. Бұл секілділердің намазын көргендеріңде өз намаздарыңа, оразаларын көргенде өз оразаларыңа көңілдерің толмай азсынатын боласыңдар. Бұлар Құранды оқиды, алайда оқыған Құрандары тіл ұшынан әрі аспайды. Мұндай адамдар атылған оқтың шапшаңдығындай шапшаңдықпен діннен шығады. Ол оқтың жылдамдығы сондай аңға тиді ме, тимеді ме деп оқтың ұшын қарағанда қан көрмейсің, яғни қан тиіп те үлгермеген болады. Олардың белгісі араларында қара торы бір адам болады. Оның бір қолының иығы мен шынтағының арасындағы бұлшықеті әйелдің кеудесі секілді немесе кіріп-шығып салбырап тұрған бір кесек ет іспетті болады. Бұлар адамдардың топ-топқа бөлінген кезеңінде шығады» дейді. Хадистің рауиі Әбу Сағид әл-Худри былай дейді: «Мен куәлік етемін, бұл хадисті Алла елшісінің өзінен естідім және Әли ибн Әби Талиб олармен (хадисте айтылған топпен) соғысты. Мен хазірет Әлимен бірге болдым. Сол кезде Әли хадисте сипатталған адам жайлы сұрастырды. Бір кісінің мәйітін әкелді, қарасам, Пайғамбарымыз сипаттаған кісінің нақ өзі»[4].

Ибн Хажар бұл хадиске түсіндірме жасап, Зулһуайсира делінген кісінің Хуркус ибн Зуһайр әс-Сағди екенін айтады15. Хуркус Пайғамбарымыздан кейін өмір сүрген, хазірет Омар заманында Ахуазға жіберілген. Ол жерде иран әскерімен шайқасып жеңіске жетеді. Ахуазбен бірге Тустар аймағына дейін созылып жатқан жерді бағындырады. Ол жерден жинаған жизияны[5] халифа Омарға жіберетін. Бұдан кейінгі кезеңдерде Хурмузанға қарсы шайқаста Басра мен Куфа қолбасшыларының қол астында түрлі міндеттер атқарған. Сөйтіп Сыффин шайқасында харижилердің арасынан табылады әрі олардың алғашқыларынан болады. Кейіннен Нәһрауәнда өлтіріледі16. Харижиліктің пайда болуы мен қалыптасуында бұл кісінің айтарлықтай орны бар.

жалғасы бар...

[1] Ибн Манзур, Лисәну әл-Араб, «Дәру әл-Мәғариф», Каир, 1981, 13-том, 1125-бет.

[2] Әш-Шаһристани, Әбу әл-Фәтх Мухаммад ибн Абдулкәрим, әл-Мәләл уән-Ниһал, «Дәру әл-Мағрифа», Бейрут, 1993, 1-том, 132-бет.

[3] Әш-Шаһристани, Әбу әл-Фәтх Мухаммад ибн Абдулкәрим, әл-Мәләл уән-Ниһал, «Дәру әл-Мағрифа», Бейрут, 1993, 1-том, 132-бет.

[4] Қараңыз: Бұхари, Әдәб, 95, хадис нөмірі 6163, Мағази, 61; Мүслим, Зәкәт, 142-160.

[5] Жизия – мұсылмандардың өлкелерінде өмір сүрген басқа дін өкілдерінің Ислам мемлекетіне төлейтін салығы.