Карантин жағдайында сотталғандармен жұмыс жалғасуда

 954

Конфессияаралық келісімді талдау және дамыту орталығының мамандары карантин жағдайында діни негіздегі лаңкестік, экстремистік қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан сотталғандармен тұрақты түрде тренингтер мен жеке кездесулер өткізіп тұрады.

АП-162/1, АП – 162/2, АП-162/3, АП-162/4 түзету мекемелерінде сотталғандармен КҚТДО-ның теологтары, психологтары және дінтанушылары жұмыс істейді. Атап айтқанда, сотталғандарға дін ұйғарымдары шеңберіндегі «халифат» сияқты терминдердің мағыналары, сондай-ақ дін ағымдарын ұстанушылардың басқа да қателіктері мен жаңылыстары түсіндіріледі. Психологтар «психологиялық өзін-өзі реттеу», «ата-аналар мен балалардың қарым-қатынасы», «өзін-өзі бағалау» сияқты тақырыптар бойынша тренингтер өткізеді. Барлық іс-шаралар карантиндік режимнің талаптары мен нормаларын сақтай отырып жүргізіледі.

АП 162/3  мекемесінде сотталған А.Мирастың  (аты өзгертілген) айтуынша, КҚТДО мамандары өткізген сабақтар оның дүниетанымына қатты әсер етті. «Мен Павлодар қаласы КҚТДО-ның психологтарына, теологтарына, тарихшыларына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Олардың арқасында мен көптеген жаңа және қызықты нәрселерді білдім. Олардың еңбектері бекер емес, өйткені қазір мен қаншалықты қателескенімді түсінемін», - деді ол.

КҚТДО басшысы Гүлназ Раздыкованың айтуынша, теологтар мен психологтар әңгіме жүргізіп, сотталғандардың террористік қылмыстар үшін берілетін жаза  туралы барлық сұрақтарына, жауап береді. «Біздің міндетіміз – сотталған адамды дәстүрлі ислам арнасына қайтару, оны тоннельдік ойлаудан шығару, зайырлы қоғам құндылықтарына бейімдеу, оларды босатқаннан кейін оларға толеранттылық сезімін, елде болып жатқан оқиғаларға қатыстылықты, патриотизм сезімін, өз Отанына деген сүйіспеншілікті сіңіру. Бұл кешенді, ұзақ мерзімді жұмыс», - дейді Гүлназ Мақсұтқызы.  

Мамандардың айтуынша, ZOOM платформасы сотталушылармен сөйлесіп қана қоймай, түрлі мультимедиалық материалдарды, әртүрлі тақырыптарды көрсетуге мүмкіндік береді. Мысалы, колониялардың бірінде Қазақстанның «Әзірет Сұлтан», «Нұр Астана» сияқты ең әдемі мешіттері, Ақтөбе, Атырау, Павлодар қалаларының мешіттері бойынша онлайн-экскурсия өткізілді. Сотталғандар осы сәулет құрылысының сұлулығын тамашалады, сонымен қатар алыс Стамбулға ауысып, Айя София мұражайын көре алды.