Қарапайым мектеп мұғалімі терроризмді жеңіп шыға алады

 9702

Ақсу қаласында  мектеп директорларына, сынып жетекшілеріне және психологтарға арналған «Жастар арасында толеранттылықты қалыптастыру және діни экстремизмнің алдын алу» тақырыбына семинар-практикум өтті.  

Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының  Павлодар облысы Ақсу қалалық білім беру бөлімімен  бірлесіп өткізген іс-шарасына 160 мұғалім қатысты.

Семинар жас адамдардың деструктивтік культтер мен ағымдардың қатарына тартылуының қауіптілігін түсіндіру, жастарды  толеранттылық, өзара құрмет және  достық рухында тәрбиелеу мақсатында өткізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша,  бұл  семинар алдын алу шарасы болып табылады. Өйткені  мұғалімдер ақпаратты оқушыларына жеткізіп, олардың дүниетанымын қалыптастырады. Қазіргі заманғы психологтар адам ақпаратты «Кім бірінші айтса, сонікі дұрыс» деген  қағидат бойынша қабылдайтындығын айтады. Бала мұғалімнің сөзіне қалтқысыз сенеді, еш күмән келтірмейді. «Мұғалімнің жұмысындағы осы артықшылықты – балаға дұрыс ақпаратты бірінші жеткізу және оны дұрыс жолға бағдарлау мүмкіндігін барынша пайдалануға тырысамыз. Белгілі ресейлік сарапшылардың біреуі  терроризммен күресте қарапайым мектеп ұстазы жеңіп шығады деп бекер айтпаған» - дейді КҚТДО  басшысы Гүлназ Раздықова.   

Орталықтың дінтанушысы  Әсия Әбитова  деструктивтік діни ағымдардың, интернетте солардың қатарына тартылудың қауіптілігін түсіндіру бойынша  лекция өткізді.  Сонымен қатар маман сын тұрғысынан ойлауды дамыту, жастарды толеранттылық рухында тәрбиелеу, өзара құрмет, гуманизм және зайырлылық бойынша тренингтер өткізді. 

Ақсу қаласында  осындай  семинарлар өткізу  дәстүрге айналды. Білім беру бөлімінің мамандары өз қызметкерлерінің  құқықтық және психологиялық  сауатттылықтарын арттыру бойынша іс-шараларды тұрақты өткізіп тұрады, деструктивтік ағымдардың алдын алу мәселелері басты назарда.