Облыстық семинар-оқу
Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы ағымдағы жылғы 22 тамызда «Исламның деструктивтік радикалдық идеялардың алдын алудағы әлеуеті» тақырыбына Павлодар облысының имамдары үшін теолог, ОҚО Орталық мешітінің нәиб-имамы Қарақұлов Еркебұланның қатысуымен семинар –оқу өткізді.
Семинарда дін істері, құқық қорғау органдары мамандарының, облыс имамдарының қатысуымен діни экстремизмнің және терроризмнің алдын алу жөніндегі қалалық және аудандық ақпараттық топтар өкілдерінің діни және теологиялық білім деңгейін арттырудың, түрлі мақсатты аудиториялармен жұмыс жасаудың өзекті мәселелері қаралды .
Семинар екі кезеңде өтті. Біріншісі теориялық, екіншісі – практикалық кезең. Семинарды облыс дін істері басқармасының басшысы Д.Қ. Зәкәриянов кіріспе сөзбен ашты. Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры, тарих ғ.к., доцент Раздықова Г.М. қатысушыларды бағдарламамен таныстырып, мемлекеттік конфессионалдық саясаттың басыңғы бағыттарын Елбасы Жолдауының аясында белгіледі. Тыңдаушылар алдында облыстық прокуратураның бөлім бастығы С.Ж. Әлиев және Павлодар облысы ІІД аса маңызды істер жөніндегі аға уәкілетті маманы Ж.Ш. Сләмов баяндама жасады.
Семинарға қатысушылар тақырып бойынша сауалдарға толық, егжей-тегжейлі жауаптар алды. Барлық тыңдаушыларға сертификаттар мен әдістемелік әдебиет салынған папкалар табыс етілді.