Павлодарда радикалдармен жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша семинар-тренинг оқуы өткізілді

 160

Культтердің жалдаушылары  өз торларына адамдарды түсіру үшін қандай қулықтарға ғана  бармайды. Бұл сүйіспеншілікпен шабуылдау, сананы бақылау әдістері, тіпті дәстүрлі діндердің канондарын  бұрмалау тәсілдері. Адамдарды санаға жасалатын шабуылдарға қалай қарсы тұруға болатыны жөнінде павлодарлықтарды Алматыдан келген жоғары білікті мамандар үйретті.  Павлодарда «Діни экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша ақпараттық жұмыстың қағидаттары мен басымдықтары» тақырыбына семинар-тренинг оқуы өтті. Іс-шараның ұйымдастырушысы- Павлодар облысы дін істері басқармасының Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы. 

Тыңдаушылар ретінде семинарға  дін мәселелері жөніндегі облыстық ақпараттық-түсіндіру топтарының  мүшелері, қалалардың, аудан орталықтары мен ауылдардың  имамдары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері,  облыс оқу орындарының оқытушылары, студенттері мен оқушылары қатысты.

Семинар барысында «Білім» білім беру-мәдени орталығының директоры, сарапшы-саясаттанушы, Қазақстан Республикасы  Қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті жанындағы республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының  мүшесі Руслан Ержанов  «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру: АТТ рөлі мен міндеттері» тақырыбына баяндама жасады. 

Руслан Ержановтың айтуынша  дәстүрлі емес ағымдардың уағыздаушылары  адамдарды жалдау кезінде   психологиялық манипуляция әдістерін қолданады. Бұл орайда діни аспектілерге емес, адам санасына  әсер ету жұмысы басты назарда болады.  Әр түрлі ағымдар бір мақсатты- Қазақстан ресурстарына қолжетімділікті  көздейді.  Ал ресурстарға қолжетімділікті алу үшін  экономикаға және идеологияға бақылауды  жүзеге асыру қажет.  Мысалы, дәстүрлі емес ағымдардың өкілдері дінді бүркеніп,   адамдарды өз идеологияларының маңына топтастырып,  өз ықпалдарын кеңейте түсу үшін  нысаналы жұмыстар өткізеді.  «Идеологтар және ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері ретіндегі біздің міндетіміз–  адамдарды жат ағымдар өкілдерінің шынайы  ниеттерін тани білуге үйрету, әр түрлі көздермен жұмыстардың әдіснамасын жетілдіру, өз білімдеріміздің  деңгейін арттыру. Өйткені,  радикалдану вирусына  қарсы тұратын иммунитетті қалыптастырудағы  ең бастысы  – білім», - деп баса айтты  Руслан Самарханұлы.

Философия ғылымдарының докторы, Д.А. Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының  профессоры Гүлмира Біләлова ақпараттық-түсіндіру топтарының аудиториямен  жұмыс істеудегі жаңа интербелсенді  әдістер туралы  әңгімеледі, тыңдаушыларды топтарға бөліп, практикалық сабақтар өткізді.  «Стандартты әдістерден бас тартып,  аудиториямен атқарылатын жұмыстардың  ең заманауи түрлерін қолдануға үйренуіміз қажет.  Интернеттегі көптеген жалдаушылардың  алдауларына түсіп қалмас үшін біз адамдарды деструктивті культтерге   қарсы тұруға үйретуіміз керек», - дейді Гүлмира Қайсарқызы.   

ҚМДБ Павлодар облысы бойынша уәкілетті өкілі, «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің имамы Жолдас қажы Бердімұратов  исламдағы ресми некелесу  және ажырасудың нормалары туралы баяндады.    «Салафиттер  қазақтар үшін қасиетті түсінік «некені»  бұрмалап, аңғал қыздарды  алдайды.  Өкінішке орай,  ең шектен шыққан жағдайда ғана айтылатын «талақ» сөзін олар ойыншық көріп алды.  Осылайша өз әйелдері мен апа-қарындастарын жезөкшелерге айналдыруда. Мұны айту ыңғайсыз болса-дағы,   біз дәстүрлі дінге  қайтару үшін   бауырларымыздың қателерін бетке айтуымыз керек, - дейді Жолдас қажы.

«Семинар өте жоғары деңгейде өтті.  Көптеген қажетті ақпарат алдық. Ең бастысы,  дәстүрлі емес ағымдармен жұмыста қажет болатын  тиісті біліммен қаруландық, -  дейді Ертіс ауданы Ағашорын  орта мектебі директорының орынбасары Тақырова Әсемгүл Жамбылқызы. Семинарға қатысушылар  іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтып,  осындай семинарларды жиірек өткізудің қажеттілігі  жөнінде пікірлерін білдірді.