Павлодарда Рухани келісім күніне арналған дөңгелек үстел өтті
2021 жылдың 18 қазанына Қазақстанда Рухани келісім күні аталып өтілді. Бұл күн қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді одан әрі қолдау және арттыру мақсатында ұлты мен дініне қарамастан барлық азаматтарды біріктіруге арналған.
Биылғы жыл еліміз үшін айтулы жыл, біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтудеміз. Тәуелсіздіктің арқасында дінге сенушілер өз діндерін еркін ұстануға, құдайға құлшылық етуге, діни мерекелерді атап өтуге, мешіттер, храмдар, синагогалар салуға мүмкіндік алды.
Конституция барлық діндердің теңдігін және діни әралуандықты қамтамасыз етеді, конфессиялық және өзге де белгілер бойынша кемсітушіліктің кез келген нысандарына тыйым салынады.
Ел басшылығының сындарлы және дәйекті конфессиялық саясатының, сондай-ақ біздің халқымыздың толеранттылық дәстүрлерінің арқасында Павлодар облысында 13 түрлі конфессияның 56 діни бірлестігі татулықта өмір сүріп, жұмыс істеуде.
Павлодар қаласының Достық үйінде Рухани келісім күніне орай «Дінаралық диалогты дамыту Қазақстан халқын біріктірудің маңызды факторы ретінде» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді. Іс-шараға түрлі конфессиялардың діни қызметкерлері, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары А. А. Құрманова, дін істері басқармасының басшысы Д. Қ. Зәкәриянов, Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының басшысы Г. М. Раздықова қатысты.
Кездесу барысында дінаралық диалогты кеңейту, дәстүрлі адамгершілік құндылықтар мен толеранттылық қағидаттарын одан әрі нығайту, сондай-ақ деструктивті идеологиялардың таралуына жол бермеу үшін діни қызмет мәселелері бойынша тұрғындармен кері байланысты күшейту мәселелері талқыланды.
Өңірдің жергілікті атқарушы органдарының өкілдері мен дінбасылары полиэтникалық және көпконфессиялы қазақстандық қоғамды біріктіруде Рухани келісім күнінің ерекше рөлін таниды, сондай-ақ діни бірлестіктердің қызметін дамыту бойынша бірлескен шараларды қабылдайды.