Павлодарда зайырлылық принциптерін насихаттау жөнінде семинар өтті

 1459

Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы» дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арналған «Зайырлы мемлекеттегі діни толеранттылықтың негіздері»  тақырыбында оқыту семинарын өткізді.

Семинардың мақсаты: жергілікті жерлерде дін мәселелері бойынша АТТ мүшелерінің кәсіби құзыреттілігін, дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру.

Онлайн-семинарға спикер ретінде дін мен қоғам мәселелерін зерттейтін жетекші сарапшылар мен мамандар шақырылды.

Семинар барысында дінтанушы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Философия»  кафедрасының аға оқытушысы Толғанай Мұстафина «Діни толеранттылықтың құндылық мазмұны» тақырыбында баяндама жасады.

Дінтанушы, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Тұрар Әбуов бірліктің негізі болып табылатын зайырлы құндылықтар тақырыбына тоқталды.

Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы, теолог-психолог Ажар Сыздықова тыңдаушыларды радикалды топтарға адамдарды тартудың психологиялық уәждерімен таныстырды.

Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орынбасары Медет Халықов дінаралық қақтығыстардың алдын алу мәселелері туралы  баяндады.

Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Зәкәриянов  семинардың модераторы болды.

Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының басшысы Гүлназ Раздыкованың айтуынша, пандемияға қарамастан, орталық мамандары жергілікті жерде АТТ мүшелерінің кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыру бойынша жұмыс жүргізуді жалғастыруда. «Жасыратыны жоқ, қазір тұрғындардың басым бөлігі қатаң шектеулерге байланысты онлайн режимде, қашықтан жұмыс істейді. Интернетте қазір бизнес-тренингтер, оқыту курстары түрінде адамдарды деструктивті идеологияға тартатын түрлі ағымдардың саны өте көп. Біздің міндетіміз - тұрғындардың қоғамға да, адамның өзіне де зиян келтіруі мүмкін жат идеологияға қарсы иммунитетін қалыптастыру», - дейді Гүлназ Мақсұтқызы. 

Семинарға облыстың қалалары мен аудандары әкімдіктерінің ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері, діни дін өкілдері, барлығы 100-ден астам адам  қатысты.