Жаңа пікірді жазу

Павлодарда діндар жастар арасында шағын футболдан турнир өтті

 2089

         

Өткен демалыс күндері Павлодарда ақпарат және қоғамдық даму  басқармасының Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы ұйымдастырған діндар жастар арасында шағын  футболдан жыл сайынғы турнир өтті.                          

Дәстүрлі жыл сайынғы жарысқа "Ғазиз" мешіті жамағаттарының, Ақсу қаласы мен Екібастұз қаласының мешіттерінің командалары, жергілікті діни бірлестіктердің "Церковь Надежда", "Церковь Евангельских христиан баптистов" және "Церковь Иисуса Христа" мүшелері қатысты.                                                                                  

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир салауатты өмір салтын насихаттау, конфессияаралық келісімді одан әрі нығайту, түрлі діни сенімдегі жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткізіледі.

Осындай іс-шаралар жастардың бойында басқа дін өкілдеріне деген құрметті арттырып, конфессияаралық бірлік дәстүрлерін сақтап, дамытады. Спорт денсаулықты нығайтып қана қоймай, жастардың сана-сезіміне жат ағымдар  ықпалының  алдын алу құралы бола алады. «Жастар спорттық жарысқа қуана қатысады, өйткені нағыз діннің бейбіт мәнін түсінеді. Шын мәнінде дінге сенуші адамдар әрдайым қоғамда достық пен келісімді құрметтейді, өз елінің патриоттары болып табылады»,- дейді КҚТДО маманы Рүстем Мәжитов.

Қызықты ойын нәтижесінде финалда Павлодар мен Екібастұз командалары кездесті.   Жарыстың  қорытындысы бойынша 1:0  есебімен Павлодар қаласының «Ғазиз»  мешітінің командасы жеңімпаз кубогының иегері атанды. Екінші орында – Екібастұз қаласы мешітінің командасы. Үшінші орынды пенальти сериясында «Надежда» шіркеуінің командасын жеңіп шыққан Ақсу қаласы мешітінің командасы иеленді.                                               

Жарыс жүлдегерлеріне салтанатты түрде «Технодом» сауда үйінің  ақшалай сертификаттары мен грамоталар табыс етілді. Барлық командаларға іс-шараға белсенді қатысқаны үшін дипломдар берілді.