«Жастарды түрлі ағымдардан сақтандыру»

 4806
Асанбаева З.Ө., Павлодар облысы дін істері басқармасының «Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы» ЖСШ ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бөлімінің басшысы

Бүгінгі таңда біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни ағымдар мәселесі өткір болып отыр. Көбіне дәстүрлі емес діндер ағымына жастар түсіп жатады және әртүрлі тоталитарлық секталар арбауына түсетіндер 14 жастан 22 жасқа дейінгі жастар.

Ата-бабасы ғасырлар бойына ұстанып келген қасиетті де қастерлі дәстүрлі дінінен бүгінгі ұрпағының қағынан жеріген құландай жиренуіне не себеп екен?  Жүз отыздан астам ұлыс пен ұлт өкілдерінің баласын кең құшағына сыйдыра білген сайын дала төсінде қазақтың баласының бірі сәләфи, бірі уаһаби, енді бірі құраншыл болып, басы қосылмайтыны несі?  Және, олар бірдеңені біліп айтса, жөн дерсің-ау. Ал ештеңенің байыбына бармастан, елінің, жерінің, ата-бабасы жүріп өткен сан ғасырлық жолының талайғы тарихын білмей тұрып, «анау айтты» мен дүрмекке айқай қосып: «Намаз оқымағанның бәрі кәпір» немесе «Әкең намаз оқымайтын болса, тілін алма, шешең намаз оқымаса, қолынан шәй ішпе», «Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетін орындау міндет емес» және т.с.с. деп жүргендердің іс-әрекеті қай ақылға қонады?

Ағайынын «адастыға» санап жүрген ондай бауырларымыз – туғанына, қала берді елі мен жеріне опасыздық жасаумен қатар, ең алдымен өздерінің адасып жүргенін біле ме екен? Қасиетті Құранда: «Әй мүміндер! Алладан шынайы қорқумен қорқыңдар да, мұсылман болған күйде ғана өліңдер. Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» («Әли Ғымран» сүресі, 102-103-аяттар), – деген аяттары күллі мұсылман баласына бөлінбеңдер деп ашық айтып тұрған жоқ па?
Шынына келер болсақ, жатжұрттықтарға сенің өзің де, дінің де керек емес. Олардың көздегені басқа. Көбісінің аузының суы құри бағып отырғаны – сенің ұланғайыр жерің мен жерасты қазба байлықтарың. Кезіндегі «бөліп ал да билей бер» деп қазақ жерін емен-еркін билеп-төстеген отаршыл патшалық  Ресейдің саясатын бүгінгі таңда мұхиттың арғы жағындағы мысықтілеулілер қолданғысы келеді және мұсылманды мұсылманға айдап салып, қолданып та жүр. Төскейде малы, төсекте басы қосылған қарға тамырлы қазақ баласының болмашыға бола жүз шайысып, бет жыртысып жүргені жымысқы әрекетті саясаттың құрбаны болғаны емей немене? Ал бұл көрініс қалыпты жүйеге айналып кететін болса, аз уақыттан кейін «Бөлінгенді бөрі жейдінің» кебін киіп, тоз-тоз болып кетпесімізге кім кепіл?
Ел ішінде соңғы кездері алаңдаушылық туғызып отырған осындай келеңсіздіктердің алдын алып, рухани сенімнің қоғамдағы орнын айқындау үшін, алғаш рет Елбасы жат ағымдардың теріс бағыттағы әрекетінің салдарынан орын алып отырған діни келеңсіздіктерді тілге тиек ете тұрып, өзінің «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз. Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды Ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда.

Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек», – дей келіп: «Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс», – деп қадап айтқанын әрбір саналы азамат есінде мықтап ұстағаны абзал.

Лаңкестік әрекет діннен емес

Өз заманының ұлы ойшылы Ф.Гастенкердің: «Дүниедегі тепе-теңдікті ұстап тұрған – Ислам діні. Дін шайқалса, әлем шайқалады», – дегені бар. Біз бүгін соның куәсі болып отырмыз. Мәселен, бүгінгі таңда мұсылман әлеміндегі Иран, Ирак, Сирия, Палестина сияқты мемлекеттердегі бейбіт тұрғындардың үрейін туғызып, тыныштығын қашырып отырған дүрбелең жағдай шынайы діннің әрекеті емес, ол сол жерлердің байлығына көз сүзген, дінді жа-мылғы етуші сырттан келген саяси күштердің ықпалы екендігі жасы-рын емес.

 Бұрнағы жылы еліміздің батыс өңірлерінде орын алған лаңкестік әрекеттерді де ел ішіне іріткі салу арқылы тұрақтылықты шайқалтқысы келген дінді жамылғы етуші бұзақы пиғылдылардың әрекеті деп білген жөн. Мұның ең қауіптісі – дін жолында жүрміз деген жастарымыздың жасаған амалдарының соңы неге әкеп соғарына жете мән берместен әлдекімдердің қарапайым қулығына түсіп қалғандығында.  Соның салдарынан жас ғұмырына балта шабумен қатар ата-анасына да қайғы әкелуінде.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет өзінің баспасөзге берген бір сұхбатында: «Діннің діттегені – бүлік емес, бірлік», – деп «діни экстремизм» деп ат қойып, айдар тағып жүрген лаңкестік әрекеттердің қай-қайсысы болмасын діннен емес екендігін көпшілікке қарата айта отырып, одан әрі қарай: «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді», – деп дана халқымыз бекер айтпаған. Осынау алмағайып заманда мұсылмандардың басын біріктіріп, ел игілігі мен бірлігі секілді ортақ мақсаттарға жұмылдыру басты назарда болмақ. Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік керек. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз қажет

 «Бірлік – береке бастауы» деп ұққан бабаларымыздың жолымен жүрсек, ауызбіршілігімізді жоғалтпайық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Тәуелсіз еліміздің баянды болашағы жолында жұдырық болып жұмыла білуіміз керек»!

 

Әдебиеттер тізімі:

Залужный А.Г. Некоторые проблемы защиты конституционных прав и свобод граждан от экстремистских проявлений /Конституционное и муниципальное право,-207, №4.

Камалиденова А. Особенности ислама в Казахстане. Обычное право// власть как ценность и власть ценностей: сетамарфозы свободы. А., 2007 402-с.

Ислам негіздері (имандылық әліппесі) А., 2008 1-б.

С.Е. Нұрмұратов Рухани құндылықтардың қалыптасуы мен дамуы (әлеуметтік-философиялық талдау) // Философия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. А., 2000 3-5б.

А. Әбдіраманова Исламдағы жеке тұлғалық және әлеуметтік құндылықтар// Қазақ мәдениетіндегі дәстүрлер мен инновациялар (халықаралық ғылыми конференция материалдары) А., 2007 120-б.

Залужный А.Г. Экстремизм. Сущность и способы противодействия. Современное право, 2002, №12.

Арухов З.С. Экстремизм в современном исламе. Очерки теории и практики. Махачкала. 2000г.