Онлайн неке қиюға бола ма?

 342

Қоғамда әлеуметтік желіні пайдаланушылардың саны артпаса кеміген емес. Бұл күнде жастар желіні тек сөйлесу құралы емес, сонымен қатар отбасының отанынына айналдырып отырған жайы бар. Бірі батыста, екіншісі шығыста отырған жастардың әлеуметтік желі арқылы неке қиып, онлайн отбасы атанып жатқаны бәрімізге белгілі болды. Шариғатымыз мен салт-дәстүріміз бұл жайында не дейді?

Ежелде қазақтар қыздарын құда түсіп, сыңсу айтып, ұзату тойын жасап өз ұясына қондыратын. Бір елдің ержеткен жігіті көрші ауылдың қызын айттыру үшін алдын ала дайындықпен келетін. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап өз қалыңдығына қол жеткізетін. Болашақ жарының жүзін көру былай тұрсын жанында тұрғанда қолын ұстауға именетін. 

Осы күні әлеуметтік желі жабылған перделерді ашып, ұятты шетке ысырып қойды.
Қоғамның бәрі жаман, ежелгі заманға қайта өтуімз керек деп те айта алмаймыз. Өмір өз ағысымен өте береді. Тек біз сол ағыста адаспай, дұрыс әрекет ете білуіміз керек.

Ал шариғатымыз онлай неке қию жайлы біржақты дұрыс емес я дұрыс деген пікірді ұстанбайды. Заманына қарай адамы демекші әрбір іс өзінің деңгейінде орындалса дұрыс болып саналады. Заманымыздың ғалымдары бұл жайды егжей-тегжейлі зерттеп, жауабын берген. Ирак пәтуа және дағуат істері бойынша Ғұламалар кеңесі, белгілі ғалым Уаһбә Зухайли, Мұстафа Зарқо сынды бірқатар ғұламалар алдау және шариғатты кемсіту қаупі болмаған жағдайда онлайн түрде неке қию дұрыс болып саналады деген (Мәжәлләт ул-фиқһ әл-исләми», 2/867-888). 
Сондай-ақ Ислам Фиқһ академиясы Ғұламалар кеңесі, Сауд Арабия патшалығы тұрақты Пәтуа комитеті, Пәкістан «Дар ул-улум» ислам университеті Ғұламалар кеңесі және ғалым Мухаммад Юсуф Баннури, шейх Мухаммад Тақи Усмани сынды көптеген бүгінгі ғұламалар, белгілі шариғи шарттар табылмағандықтан, онлайн түрде неке қию дұрыс емес деп пәтуа берген («Ислам Фиқһ академиясы бірінші отырысының қарарлар жинағы», 10-бет; «Фәтауа дар ул-улум», 3/558; «Фәтауа Усмани», 2/204).

Ханафи мазхабы бойынша ижаб (ұсыныс) және қабулдың (қабыл алу) бір жерде орын алуы керек. Аләуддин Кәсани (Алла оны рақымына алсын) осы шарт жайында: «Неке келісімі өткізілетін орынға қатысты шартқа тоқталатын болсақ, ол – екі неке қидырушының (күйеу мен қалыңдық) бір мәжілісте қатысуы. Ижаб пен қабул бір мәжілісте болуы тиіс. Егер мәжіліс басқа болса, онда неке шарты жасалмайды», – деген («Бәдаиғ ус-санаиғ», 2/232).

Қорыта келе, айтатынымыз Құдайдың алдында ақ неке қию үшін дін қызметкерлерінен алдын ала сұраған жөн. Адамдардың арасын арақашықтық бөлмесе некелерін діни орындарға барып қиғаны дұрыс болады.