Айнұр Әбдірәсілқызы: түрік дінтануы – төл руханиятымызбен тамырлас сала
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызымен сұхбат.
− Армысыз, Айнұр Әбдірәсілқызы! Тағы бір іссапарды артта қалдырдыңыз, тағы бір белеске ат шалдырдыңыз. Сол биіктен кеңістікке көз салғандағы әсеріңізбен бөліссеңіз. Түркия іссапары хақында әңгіме өрбітсек...
− Рухани жорық жолында жүрген аттан түспей келе жатқан жемісті жылдар ішінде биылғы жыл алыс қиырларға ат басын жиі тіреуімізбен ерекшеленіп тұр. Ресей іссапарының ізі суымай тұрып, «Мен кезбеймін, несібем кезеді» деп атамыз қазақ айтқандай, Атажұрттан Анадолыға сапар шегу де осы бір берекелі кезеңде нәсіп болды. Бұл өзі бірнеше жыл бойы жоспарлап жүріп, өткен жылы ғана іргетасы қалана бастаған қарым-қатынас еді. 2016 жылдың желтоқсан айында біздің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы мен Түркия Республикасы Дін істері басқармасына қарасты ISAM Исламдық зерттеулер орталығы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын. Сол меморандум келісімдерін жүзеге асыру мақсатында тәжірибе алмасуды ниет етіп, шілденің оныншы жұлдызында Стамбул қаласына жол тарттық.
− Таңдауларыңыз түскеніне қарағанда, ISAM осал мекеме емес сияқты...
− Иә, бұл орталық өз саласындағы алдыңғы қатарлы құрылымдардың бірі. Аты орталық болғанымен, заты іргелі академиялық институттардан кем емес. 1988 жылы құрылған ISAM исламтану және шығыстану бағытында іргелі зерттеулер жүргізу, аудармалар жасау, ортағасырлық діни мәтіндердің сыни редакциясын жасау және жариялау, салалық білікті мамандар жетілдіру, біліктілікті жетілдіру курстарын жүргізу жұмыстарына бағдарланған. Орталықтың ең ірі жобаларының бірі – отыз жылға жуық жүзеге асырылып, 44 томдық еңбек ретінде жарық көрген «Ислам энциклопедиясы» жобасы. Түркі дүниесіне, тіпті ислам әлеміне танымал деуге тұрарлық осы энциклопедияны жасақтауға 700-ден астам мамандар тартылған екен. Сонымен қатар ISAM-ның «ЖОО студенттерімен жұмыс», «Зерттеушілер жетілдіру», «Электрондық басылымдар», «Жазғы оқулар», «Сыртқы зерттеушілер» секілді бірнеше ірі жобалары мен бағдарламалары бар. Орталықта 107 маман жұмыс істейді, олардың ең төменгі деңгейі – докторантурада білім алушылар. Күрделі жобаларға сырттан мамандар тарту мүмкіндігі жасақталған. ISAM-ның Әкімшілік блок, кітапхана, оқу ғимараты және қонақ үйден тұратын дербес құрылыс кешені бар. Іссапар барысында ISAM директоры, теология докторы, профессор Рашит Кучук мырзамен және орталықта қызмет атқаратын танымал ғалымдармен кездесу өткізіліп, оларға біздің орталық жұмысы және еліміздің дін саласын реттеудегі жетістіктері кеңінен таныстырылды. ISAM бөлімдерінің және аса бай кітапханасының қызметін жан-жақты зерделедік. Сонымен қатар ISAM базасында араб және түрік тілдерінде ұйымдастырылған «Діни мәтіндерге сыни редакция жасау және жариялау мәселелері» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курстарына қатысу мүмкіндігіне де ие болдық.
− Кітапхана қоры несімен ерекшеленеді?
− ISAM кітапханасы ислам білімі және әлеуметтік ғылымдар саласына мамандандырылған. Біздің әлі қолымыз жете қоймаған, қазақша сөйлете алмай жүрген ислам ақидасы мен фикһына қатысты дүниелер мұнда түрік тілінде том-том болып емес, тұтас кітапхана болып тұнып тұр. Әсіресе ортағасырлық түркі дін ғұламаларының, соның ішінде имам Матуриди еңбектері мен олар туралы туындылардың көптігінен көз сүрінеді. Елеулі бір ерекшелігі – мұндағы әрбір кітаптың дерлік электрондық нұсқасы жасалған, яғни әлемнің әр шалғайынан еркін қол жеткізу мүмкіндігі жасақталған. Жоғарыда аталған «Ислам энциклопедиясын» жазу барысында пайдаланылған мың-мыңдаған мәліметтердің өзін шашау шығармай, тұтас бір бөлімге жинақтаған. Өкініштісі сол, мұнда Қазақстан жайлы мәліметтер тым тапшы – бар болғаны екі бума картотека ғана рәсімделген екен. Оның өзі негізінен ағылшын және түрік, ішінара орыс тіліндегі материалдар. Осы олқылықтың аз да болса орны толсын деген ниетпен ISAM кітапханасына біздің орталықтың бірқатар басылымдарын тарту еттік. Орталығымыздың қызметі мен шығарған еңбектері жайындағы түрік тіліне аударылған ақпараттық кітапшамыз түрік ағайындардың біздің басылымдарға деген үлкен қызығушылығын тудырды. Алдағы ақпарат алмасуымызға бұл да бір негіз болып қаланды.
– Салыстыра салмақтасақ: не артық, не кем?
– Бай тәжірибеге ие ISAM орталығының негізгі қызметі академиялық деңгейде ұйымдастырылып, білікті мамандар тартылған. Бұған басты мүмкіндік беретін тетік қаржыландырудың жоғары деңгейде қамтамасыз етілгендігі болып табылады – ISAM қызметкерінің орташа жалақысы 3000-5000 АҚШ долларын құрайды. ISAM қолданбалы мақсаттарға, соның ішінде мемлекеттік органдар жұмысын сүйемелдеуге қызмет етпейді, сондықтан толыққанды ғылыми зерттеулерді өрістетуге және зерттеушілердің жаңа буынын тәрбиелеуге күш салу мүмкіндігіне ие. Дегенмен Түркия Республикасындағы ғылымның жалпы даму стиліне сәйкес ISAM-ның ғылыми-зерттеу жұмыстары негізінен жинақтау, дәйектеу және жарыққа шығару бағытында жүргізіледі. Әдістемелік және талдамалық тұрғыдан ISAM зерттеулері біздің отандық ғылымның талаптарына сәйкес келе бермейді, дұрысы, қанағаттандырмайды. Сонымен қатар жоғарыда айтылғандай, ISAM қызметі біршама шектеулі бағытта – тек исламтанулық және шығыстанулық зерттеулер жүргізу арнасында өрбиді. Салыстырмалы зерделеу тұрғысынан алғанда, біздің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы дін саласындағы уәкілетті орган қызметіне қолдау көрсету үшін құрылғандықтан, нақты қолданбалы мақсаттарға қызмет етеді. Діни ахуалды зерделеу және талдау, Қазақстандағы барлық діни бірлестіктер қызметін зерттеу, дінтану сараптамасын жүргізу, Ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметіне әдістемелік басшылық жасау және тікелей қатысу, ақпараттық, әдістемелік, анықтамалық-талдамалық басылымдар мен медиаматериалдар әзірлеу, діни экстремизмнің алдын алу және радикалсыздандыру бағытында жұмыстар жүргізу секілді сан салалы тәжірибелік мәнге ие жұмыстар біздің орталық қызметінің ISAM-нан анағұрлым көп тарапты екендігін және өзекті тәжірибелік мақсаттарға бағдарланғанын көрсетеді. Дегенмен ISAM тәжірибесі кез келген сала қызметінің табысты болуы, білікті мамандардың тартылуы мен тұрақтануы қаржылық қолдауға тікелей тәуелді екенін кезекті рет дәлелдеп берді. Сонымен қатар Түркия іссапарының нәтижелері біздің тарапымыздан бұған дейін жиі көтерілген отандық дінтану ғылымы мен білімін жетілдіру, оқу бағдарламаларын сұранысқа сәйкестендіру, дінтану әдістемесін ғылыми тұрғыдан қалыптастыру, білікті мамандар жетілдіру және тұрақтандыру, отандық ортағасырлық ойшылдардың діни туындыларын жарыққа шығару бағытындағы көптеген ұсыныстарымызды жүзеге асырудың кезеңі келгенін, олардың стратегиялық тұрғыдан да, қолданбалы мақсаттар тұрғысынан да маңызды екенін негіздей түсті. Көлемді де кең өрісті бағыттар болғанымен, қаржылық қолдау күшейтілген жағдайда аталған жұмыстарды жүзеге асырудың нақты тетіктерін жасақтауға бізде мүмкіндік мол.
− Өзіңіз жиі зерделейтін дінтанулық білім жүйесімен танысуға мүмкіндік болды ма?
− Әрине, қай сапарда болмасын, кешенді жұмыс жүргізуге тырысатынымыз белгілі. Іссапар барысында Мармара университеті Дінтану факультетіне арнайы ат басын бұрдық. Факультет басшылығымен кездесіп, материалдық-техникалық базасымен және дінтану пәнінің кешенді бағдарламаларымен толығырақ таныстық. Көзі қарақты оқырман қауымға белгілі, Анадолыдағы дінтанулық білім бағдарламасы біздің еліміздегі исламтану білімімен көбірек сәйкес келеді. Халқының басым бөлігі – мұсылман, мемлекет пен қоғамның негізгі сұраныстары ислам аясында болғандықтан, түрік жерінде дін білімдерін исламдық тұрғыдан тереңдете оқыту қалыптасқан. Аталмыш факультетте 2500-ге жуық студент (оның ішінде 6 қазақстандық бар), 500-ге тарта магистрант пен докторант білім алуда. Соңғы жылдардағы жетістігі сол – факультетте дінтану білімін тек араб және ағылшын тілдерінде оқытатын дербес бөлімдер ашылған. Саланың маңыздылығы ескеріліп, толыққанды білім беру мақсатында оқу үдерісі тек күндізгі бөлімдерде жүзеге асырылуда (сырттай оқу жүйесі жоқ). Дінтану факультетінен кейін біздер Түркі дүниесін зерттеу орталығында болып, орталық қызметімен жан-жақты танысып, ақпарат алмастық. Дегенмен сапар мақсатымыз мұнымен түгесілген жоқ.
– Әлқисса...
− Кітапқа деген құштарлығымыз бізді ортағасырлық қолжазба қоры жағынан дүние жүзіндегі ең ірі кітапханалардың бірі саналатын Стамбулдағы Сулеймания кітапханасына жетеледі. VІІ-ХІХ ғасырлар аралығындағы 73 000-нан астам құжат, 50 000-нан астам кітап жинақталған көрген де арманда, көрмеген де арманда болған кітапхананы аралап, діни қолжазбаларды сақтау және қалпына келтіру жұмыстарының жүргізілу барысымен таныстық. Жұрнағы ғана қалған көне қолжазбаларды түйірлеп жинап, ғасырлар табынан сарғайған қағазын жуып, бетін қаттап, ортағасырлық үлгімен тігіс түсіріп, көмескіленген әріптерін жаңғыртып жазып, жиектерін қайта өрнектеп, қажымай-талмай, қалпына келтіріп отырған қызметкерлердің баға жетпес еңбегіне куә болдық. Бәрінен де әсерлісі Консервация (сақтау) бөлімінде көргеніміз бен көңілге түйгеніміз болды. Биіктігі он метрге жуық кітап сөрелері көлденеңі он бес метрге жуық ауқымда бірнеше қатар етіп орналастырылған. Барынша нығыздап, мыңдаған қолжазбалар орналастырылған сөрелердің сонау биіктегі бумаларын тек арнайы сатылар арқылы ғана алуға болады. Ең қызығы – бұл сөрелер жай ғана сөре емес, автоматты түрде ашылып-жабылатын аса үлкен сейфтің ішкі қорапшалары секілді етіп жасалған. Яғни сөрелер алды-артынан, жоғары-төменнен толығымен от өтпейтін, су кірмейтін материалдармен қапталып, берік қорғалған. Автоматты басқару іске қосылғанда барлық сөрелер жиырылып, жинақталып, үлкен бір сейф секілді берік жабылады. Осы күйінде бұл сейф-сөрелер 1000 градустық температураға шыдас беріп, бүлінбей сақталатын көрінеді. «Суға салса, батпайтын, отқа салса, жанбайтын» осынау италиялық үздік технологияны дер кезінде қолданысқа енгізген түрік ағайындар мұның миллиондаған қаржыны талап ететінін жасырмады. Бірақ рухани құндылықтардың құнымен салыстырғанда мемлекет үшін миллиондардың бағасы бір теңгедей болмауға тиіс қой... Осыны ойлағанда, бір кездері өзіміз қызығын көріп, қызметін жасаған Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханамыздағы мыңдаған жәдігердің жылаулар күйі есімізге түсіп, ішіміз ашыды. Сұрау сала отырып, жауап тауып жұбанғанымыз – Сулеймания кітапханасының тәжірибелі мамандары біздің Ұлттық кітапханамызда болып, қызметкерлерді көне қолжазбаларды қалпына келтіру және сақтау жұмыстарының қыр-сырымен біршама таныстырыпты. Отандастарымыз осы салада түрік бауырлармен тәжірибе алмасуға бел байлап, әрекетке кіріскен көрінеді.
– Түйін сөзге тірелген сияқтымыз...
– «Бір кітаптың аяғы – бір кітаптың басы-дүр» деген нақыл бар Шығыста. Түркия іссапарының тағылымы бір сұхбатпен түйінделмейтін тәрізді. Осы сапар барысында ерекше назарымызды аударған екі сала бар. Оның бірі – Түркиядағы хұснихат (каллиграфия) өнерінің өркендеуі болса, екіншісі ежелгі түрікшенің – османлы тілі мен сол тілдегі діни туындылардың игерілу үдерісі болды. Дін дүниесіне қатысты танымды тереңдетуге мүмкіндік беретін әрі төл руханиятымызбен тамырласып жатқан осы екі сала өз алдына әңгіме арқауына айналдыруды қажет етеді. Түркінің османлышасы секілді біздің шартты шағатайшамыз – көне қазақшамыз дінтану саласындағы бітпей қалған жырымыз екені белгілі. Сол жырды келесі сұхбатымызда жалғастырсақ деген тілегіміз бар.
– Мазмұнды сұхбатыңызға рахмет!