Биыл Рамазан айы 13 сәуір күні басталып, 12 мамыр күні аяқталады

 1473

Тарауық намазы 12 сәуір күні басталады.

Мамыр айының 8-9-на қараған түні-қасиетті Қадір түні.

13 мамыр күні Ораза Айт.

Карантин жайғдайында қалай ораза ұстау керек?

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Ислам мына бес нәрсеге негізделген: Алладан басқа құдайдың жоқ екеніне және Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, рамазан айында ораза ұстау және қажылыққа баруы», - деген.

Ораза мына кісілерге парыз:

 - Мұсылман,

- Балиғат жасына толған,

 - Ақыл-есі түзу болған.

Еліміздегі төтенше жағдай мен карантин кезеңі ораза ұстауға кедергі келтірмейді, сол себепті жоғарыдағы топқа кіретін әрбір адам айтулы себебі болмаса рамазан оразасын әдеттегідей ұстайды. Ораза ұстамауға болатын жағдайлар: жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді. 

 Тарауих намазы қалай оқылады?

Тарауих намазы мүбәрак Рамазан айының негізгі ғибадаттарының бірі. Тарауих намазы Рамазан айы бойы құптан намазынан кейін таң намазының уақыты кіргенге дейінгі аралықта, үтір намазынан бұрын оқылады. Көпшілік ғұламалардың айтуынша, тарауих намазының рәкат саны он сәлеммен оқылатын жиырма рәкаттық намаз.   Карантин кезеңінде жамағаттың қауіпсіздігі тұрғысынан мешіттердің жабық болуына байланысты биылғы Рамазан айында тарауих намазы үйде оқылады.

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен мына бір хадис тарауих намазын үйде оқудың қаншалықты сауапты екеніне назар аудартады:

 «Сендердің тарауих намазын оқуды қалайтындарыңды білемін. Намазға шықпауымның себебі: сендерге тарауихтың парыз болып кетуінен қорыққаным. Егер парыз болса, оны лайықты түрде орындауға шамаларың келмейді. Енді үйлеріңе тараңдар. Парыз намаздарынан басқа ең абзал намаз – үйде оқылған намаз».

Ауызашарды кімге береміз?

 Мүбәрак Рамазан айының ең бір берекелі кезеңі – ауызашар  сәті. Карантин жағдайында еліміз бойынша халықтың қауіпсіздігі үшін ауызашарлар мен діни рәсімдерді көпшілік орындарда жамағатпен ұйымдастыруға тыйым салынды. Сол себепті мешіт маңынан жылдағыдай ауызашарлар берілмейді. Дегенмен, жағдайы көтеретін ауқатты кісілер мұқтаж жандарға азық-түлікпен немесе қаржылай қол ұшын созуы арқылы Рамазан оразасының сауабын еселей алады.

 Сондай-ақ, отбасы - ошақ қасында ауыз ашу балалар үшін тәрбиелік мәні жоғары ұмытылмас сәттердің бірі екенін ескерген абзал.

Пітір садақасы қалай төленеді?

Рамазан айындағы оразасын тәмамдау үшін және біліп-білмей істеген қате-кемшіліктердің кәффараты (төлемі) ретінде немесе әр адамның жеке басы (жаратылысы) үшін берілетін садақа. Өз қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына жеткен адам Рамазан айында өзі және жанұясы үшін пітір садақасын беруі – уәжіп (міндет).

 Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен ең төменгі пітір садақа мөлшері – 420 теңге. ҚМДБ және банк басшылығы арасында жасалған келісімге сәйкес пітір садақасы мен зекетті kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы аударуға болады.

  «Алла Тағала ешкімге шамасынан тыс міндет жүктемейді». («Бақара» сүресі, 286-аят.)  

 

ҚМДБ, Павлодар облысы өкілдігі