Павлодар облысында діни экстремизмнің және терроризмнің алдын алу туралы

 2284

Бүгінгі күні терроризмнің және экстремизмнің алдын алу мәселесі аса өзекті болып отыр. Әлемде болып жатқан соңғы оқиғалар татулық пен төзімділіктің қандай әлжуаз, әлсіз болатындығын көрсетті. Біздің еліміз де осындай сыннан тыс қалған жоқ. Өңірімізде діни экстремизмнің және терроризмнің, ксенофобияның және төзімсіздіктің алдын алу бойынша қандай шаралар қабылданып жатқандығы туралы Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Раздықова Гүлназ Мақсұтқызы әңгімелейді.  

Өзіңіз басқарып отырған Орталық туралы айтып берсеңіз?

Біздің орталық 2012 жылғы қазан айында Қазақстан бойынша пилоттық жоба ретінде құрылды. Осындай ұйымдар қазір Қазақстанның барлық аймақтарында жұмыс жасап отыр. Мақсатымыз – діни экстремизмнің және терроризмнің алдын алу, деструктивтік, жалған діни ұйымдардың қызметінен зардап шеккен адамдарға психологиялық, құқықтық көмек көрсету, діни консультация беру. Сонымен қатар біздің қызметкерлеріміз облыста өтіп жатқан діни үдерістерді зерттеп, ағымдағы жағдайға талдау жасайды.

Жастардың кейбір бөлігінің діни радикализм және экстремизм идеяларына бой ұруының себептері неде?

Біздің жұмыс тәжірибемізге сүйене отырып, мынаны айтар едім. Жастардың діни радикализм және экстремизм идеяларына бой ұруының әмбебап себептері жоқ. Біздің білетініміз, экстремистік ұйымдарға 16 мен 30 жас аралығындағы жастар, негізінен, орыс тілінде сөйлейтіндер, жасақталады. Олардың радикалдық діни ұйымдарға тартылуының себептері ауыспалы сипатта, яғни әр адептінің өз уәждері мен факторлары бар. Біз оларды психологиялық, әлеуметтік, құқықтық, діни деп топтастыра аламыз.

Қазіргі кезде «экстремизмнің феминизациясы», нақты айтсақ «әйелдер жихады» деген ұғымдар жиі айтылып жүр. Солардың арасында бойжеткен қыздар немесе балалы әйелдер бар ма ?

«Жихад» тұжырымының исламда гендерлік ерекшеліктері жоқ. «Жиһад» дегеніміз ынта, ықылас дегенді білдіреді және оны әр мұсылман сақтауы тиіс. Яғни, өзінің бойындағы кемістіктермен күресу әйел болсын, ер адам болсын – бәріне тән болуы керек. Бұл ретте радикалды көңіл күйдегі, әсіресе жанкүйер фанат әйелдер туралы айтқанымыз жөн болар. Өкінішке орай, тарихта әйелдердің жанқиярлық террористік актілерге қатысқаны туралы көптеген фактілер бар. Әйелдер психологиялық тұрғыдан алғанда әлсіз болады, олардың көбінің діни білімдері жоқ, сондықтан да олар экстремистік ұйымдарға тартуға ыңғайлы санат  болып табылады. Діни және құқықтық сауаттылық – біздің қыздарымызды және әйелдерді құқыққа қарсы әрекеттерден қорғаудың  басты тәсілдері. Біздің Орталық жанында әйелдер үшін араб тілінің тегін курстары ашылған, сабақтарға әрбір ниет білдіруші әйел қатыса алады.

Біздің әйелдеріміздің тағы бір осал жері – азаматтық некеде тұру. Діни көзқарастары бойынша олар некелерін әділет органдарында тіркеуден бас тартады. Егер әйел мен ердің өмірі жараспаса, үш рет «талақ» деп айтса, неке бұзылған болып саналады. Ал әйел балаларымен бірге толып жатқан тұрмыстық ауыртпалықтарды көреді.   

Жас адамдарды жасақтаудағы интернеттің рөлі қандай?

Интернеттің көмегімен өз қатарларына тартуды көздеп отырған объектілер туралы жан-жақты мәліметтер жинақтайды. Интернетті пайдалана отырып, қандай да болсын бір террористік қозғалысқа қаржылық қолдау көрсету үшін қаражат жинауды жүзеге асыруға және оны қылмыстық мақсатта бұдан әрі қолдануға болады. Әлеуметтік желінің көмегімен террористік топтарды құру үшін пікірлес адамдарды табуға болады.

Бұл, әрине, қаскүнемдердің террористік актілерді дайындау және ұйымдастыру  кезінде пайдаланатын мүмкіндіктерінің біразы ғана.

Біз «ақпараттық экстремизм» деген терминді жиі естиміз. Осы ұғымға анықтама беріңізші. 

Қазіргі өмір ақпараттық ықпал етудің формалары агрессивті және қауіпті екендігін көрсетуде. Жастармен жұмыс істеудің бүгінгі әдістері кей уақытта тиімсіз, ескірген, тартымсыз болып отыр. Жастардың дүниетанымы соңғы онжылдықта қатты өзгергерді. Біздің жастарымыз нағыз құндылық ретінде әдемі өмірді, жеңіл ақшаны дәріптейтін ақпараттық кеңістікте өсті. Қазір дүниенің шынайы келбетін бұрмалайтын ақпараттық экстремизм туралы айтуға болады. Сондықтан да ақпараттық кеңістікте белсенді іс-қимыл жүргізбейінше, табысқа жету туралы сөз қозғау мүмкін еместігін жақсы түсінеміз. Біз жастарға көмек көрсетуге және діни процестер туралы объективті ақпарат беруге тырысамыз. Орталықтың carmo-pvl.kz сайты, сондай-ақ барлық толғандырған мәселелер бойынша сұрақ қоюға болатын 32-50-50 сенім телефоны бар.

Барлық ата-аналарға балаларыңыздың мінез-құлқына мұқият назар аударыңыздар, оларға ықпал ететін ақпараттық ағындарды бақылап отырыңыздар, Сіздер жоқта қызыңыз немесе ұлыңыз қандай әлеуметтік желілерге кіреді, соны қадағалаңыздар дегім келеді. Мұнда балаға сенімсіздік білдіру мәселесі болып отыр деген ой дұрыс болмайды, бұл ретте ата-ананың қырағылығы өте маңызды.

Интернеттің экстремистік идеологияны насихаттаудағы қауіптілігі неде?

Ақпараттық ортаны бақылаудың қолданылатын тетіктеріне бағынбайтын Интернеттің құрылуы және дамуы түрлі экстремистік ағымдардың көзқарастарын насихаттаудың және қатарларына пікірлестерін тартудың қуатты құралы болып отыр. Интернет байланыс құралынан дінге сенушілерді радикализациялаудың және терроризм және діни экстремизм идеяларын тарату процесінің негізгі катализаторына айналды.

БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, көптеген жағдайда Қазақстан азаматтарын экстремистік және террористік қызметке тарту Интернет арқылы жүзеге асырылған, ол жаңылыстыру арқылы адамдарды деструктивтік іс-қимылға тартудың, радикалдық идеяларды таратудың негізгі көзі болып отыр.

Жаһандық желінің арқасында экстремистік қозғалыстар мен топтардың мүшелері идеологияларын, көзқарастарын интернет-ресурстарда таратуға мүмкіндік алды, мұнда аудитория саны ондаған адамдардан жүз мың адамға дейін барады. Мемлекеттің және қоғамның бақылауынан тыс қалған жастардың санасына ықпал етудің осындай ресурстары дәстүрлі БАҚ-тың әлеуетімен тең түсіп отыр.

«Пікір алмасу» деген желеумен Интернетте экстремистер насихат жүргізуге, адамдарды өз қатарларына тартуға және жастардың қалыптаса қоймаған санасын пайдалана отырып, «жанашырларының» санын арттыруға мүмкіндік алды.

Сіздің Орталық жастармен қандай жұмыс атқарып отыр?

Жастар – біздің негізгі мақсатты аудиториямыз, біз оларды мынадай топтарға бөлеміз: студент жастар, оқушылар, жұмысшы жастар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар, ауыл жастары, дінге сенуші жастар, спортшы жастар, шығармашыл жастар, жатақханаларда тұратын жастар. Әр аудиторияның ерекшеліктеріне байланысты іс-шаралар жоспарланып, өткізіледі. Бұл іс-шаралардың нысандары әр түрлі: бейнефильмдер, флеш-мобтар, лекциялар, диалогтық алаңдар, спорттық іс-шаралар, мешіттерде уағыздар өткізу, әлеуметтік желілерде жұмыс жасау, ертегі терапиясы, «Openair» және т.б.

Біздің жастарды деструктивтік культтердің ықпалынан қалай сақтандыруға болады?

Жат, дәстүрлі емес ықпалдарға қарсы тұрарлық иммунитет отбасында дарытылады. Бүгінгі күні отбасы институтының өзі дағдарысқа ұшырап отыр. Бір қарағанда толық, материалдық жағдайлары жаман емес, балалары ешнәрседен кем емес, ата-аналары беделді шаңырақтар бар. Бірақ балаларға деген мейірім, сенім тапшы, балаларды даулы жағдайларды шешуге ешкім үйретпейді, олар сосын қоғамда өз орындарын таба алмай, қиял қуып жүретін ортада болады. Рөлдік функциялар жоқ, сыр көзге «сәтті» болып көріну мұндай отбасылар үшін өте маңызды. Осындай отбасылардың ата-аналары бізге басқалардан көбірек келеді. Сондықтан да біз отбасы – балаларды жалған діни культтерге жібермеудің негізгі тетігі деп есептейміз. Қазіргі жастар бала күндерінен бастап ана тілін, тарихын, мәдениетін оқып-үйренгені сияқты өзінің ұлттық діни дәстүрлерін бойына біртіндеп сіңіруі қажет.

Тәуелсіздік жылдары елімізде діни ұйымдардың саны қаулап өсті. Қазіргі күні Павлодар облысында 13 конфессияның 150 діни бірлестігі қызмет жасап отыр. Діннен хабары жоқ адамның мұндай сан алуан діндердің ішінен бағдар табуы өте қиын. 

Терроризмге және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жасауда мемлекеттің заңнамалық базасы маңызды рөл атқарады. Азаматтар, әсіресе жастар, осындай қауіптен сақ болуы үшін қандай нормативтік-құқықтық актілерді білулері қажет?

Қазақстан Республикасында терроризммен және діни экстремизммен күрестің құқықтық негізін «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы», «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңдар және басқа нормативтік-құқықтық актілер құрайды. Сонымен қатар халықаралық келісімдер терроризмге қарсы заңнаманың ажырамас бөлігі болып табылады. Қазақстан терроризмге қарсы күреске бағытталған 14 халықаралық конвенциялар мен хаттамаларға қосылды. Бүгінгі күні Қазақстан аумағында 20 халықаралық террористік және экстремистік ұйымдардың қызметіне тыйым салынып отыр. Жуырда ғана соттың 2015 жылғы 1 қарашадағы шешімімен Қазақстан аумағында «Ислам мемлекеті» тобының қызметіне тыйым салынды.

Атап өткен жөн. 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде «Терроризм акті» бабы бойынша қатаң жазалау берілетін жаңа Қылмыстык кодекс күшіне енді.

Заңнамада террористік және экстремистік қылмыс жасаған тұлғаларды жазалаудың қатаң шаралары қарастырылды. Мысалы, Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясында террористік қылмыстардың тізбесі кеңейтілді, қазір мұнда 15 қылмыстық әрекет қарастырылған. Сонымен қатар экстремистік қылмыстардың да тізбесі кеңейтілген, бұған Қылмыстың кодекстің 12 бабы енгізілді. «Жалдамалыларды дайындау базаларын құру», «Террористік немесе экстремистік даярлықтан өту», «Сепаратистік қызмет» және «Экстремистік топты құру, оған басшылық жасау немесе оның қызметіне қатысу туралы» сияқты жаңа баптар қосылды. Сонымен қатар «Бұқаралық ақпарат құралдарында экстремистік материалды жариялауға рұқсат беру», «Шетелдік әскери дауларға қатысу» деп аталатын екі бап бар. Экстремистік және террористік қызметті қаржыландыруға арналған ақша қаражаты тәркіленеді. Террористік және экстремистік қылмыстары үшін сотталғандарға шартты түрде бостандықтан айыру жазасы қолданылмайды. Мерзімінің өтіп кетуі, үшінші тараптардың кепілдігі, жазасын мойындауы, тараптардың татуласуы сияқты жағдайлар бұл баптарда қарастырылмайды және еш жеңілдік бермейді. Адамдардың өліміне соқтырған террористік және экстремистік ауыр қылмыстар жасағандарға жаза жұмсартылмайды.

Біздің азаматтарымыз осының барлығын білулері қажет, әсіресе, радикалдық идеяларға қызығушылық танытып жүргендер жадында ұстасын. Адасқандар ойланбай істеген әрекеттерімен ата-анасын қайғыға душар етіп, еліне, отанына зиян келтіреді, олардың болашағы бұлдыр.

Сұхбатыңызға рахмет.