Павлодарда белгілі дінтанушылар, теологтар Асқар Сабдинмен және Қабылбек Жұмабековпен кездесу өтті

 1998

Павлодарда «Діни экстремизмге  қарсы іс-қимылдың озық тәжірибелері» тақырыбына оқу семинар өткізілді. Оқуды өткізу үшін Қазақстанның белгілі дінтанушы-теологтары  - теолог-сарапшы, «Пікір» консультативтік-оңалту орталығының директоры  Асқар Сабдин және «Әл-Машани» мешітінің бас имамы, РАТТ мүшесі, теолог Қабылбел Жұмабеков шақырылды.   

Асқар Сабдин «Қазақстандағы ислам мектебі. Дәстүрлі емес ағымдарда экстремизмнің пайда болу себептері. Адепттермен жұмыстың әдістері» тақырыбындағы лекциясында  деструктивті ағымдардың құрбандарын оңалту бойынша жұмыстардың теологиялық негіздерін түсіндірді.

Теолог-сарапшы  2011 жылдан бастап экстремизмге байланысты оқиғалардың ошағы болған Ақтөбе қаласында жұмыс жүргізуде.   Ол радикалдармен жұмыс істеу барысында олардың дүниетанымын өзгерту ең басты әрекет  деп есептейді. Деструктивті діндердің уағыздаушылары «мағыналарды» тікелей Құраннан және Суннадан алуға үндейді. Жас адамдар жаттап алған бірнеше аяттары мен хадистеріне сілтеме жасай отырып, мұсылмандық теологияның  ең күрделі мәселелерін  түсіндіреді, кім тозаққа, кім жұмаққа баратыны жөнінде тұжырым жасайды. Ешкімнің  басқа адамдардың тағдырын шешуге, оларды кәпір, мұшрық, мұртад, сахауат, бидатшы немесе адасқан деп атауға  құқықтары жоқ.  Құзырлы емес адамға дін мәселелері бойынша шешім (иджтихад) шығаруға тыйым салған бірнеше аяттар мен хадистер бар.  «Жастар  жалған  қиялдардан арылулары қажет,  Ислам туралы білімді  қастандыққа үндейтін күмәнді интернет-сайттардағы уағыздаушылардан емес,  құзыретті  мамандардан алу керектігін  түсінгендері жөн» деп баса айтты Асқар Қалымжанұлы.

Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының өкілі, теолог Қабылбек Жұмабеков Ахлю сунна уаль джамаа акидасының негіздері және акиданың дәстүрлі емес ағымдардан айырмашылықтары  туралы әңгімеледі. Қазақтар ғасырлар бойы  Матуриди және Ашари мектептерінің  акидасын ұстанып келеді. Теолог салафизмнің пайда болуы тарихы туралы егжей-тегжейлі айтты.  

Вахаббизм атты радикалдық бағыт  сол кездегі Осман империясының  құрамындағы Аравиядан шықты.   Ағылшын колонизаторлары осы жайды өз мақсаттары  үшін  пайдаланып,  бір топ адамды билікке қарсы қойып, қаруландырды.  Осылайша  вахаббизм экстремистік ағымы пайда болды.   Вахаббизм – дін емес, ол –саяси қозғалыс. Тарихтан  вахаббиттердің билікке ұмтылып,  қан төккендерінің көптеген мысалдарын келтіруге болады. Олар өздерін салафиттерміз деп, адамдарды алдайды.  

«Бүгінгі  салафиттер – шын мәнінде  вахаббиттер. Мұны араб әлемінің  көптеген ғалымдары растап отыр»  - дейді Қабылбек Әліпбайұлы. Адамдар олардың шын бет пердесін білгеннен кейін олар өздерін салафиттерміз деп көрсете бастады.   «Олар тіпті салафиттер де бола алмайды. Салафиттер болу үшін олар осыдан 14 ғасыр бұрын туулары керек еді.  Саляф термині Әбу Ханифа пайғамбар өмір сүрген кездегі адамдарға қолданылады,   имам Тахауи  саляф болған еді. Біздің бабаларымыз саляфтар жолымен жүріп, оны бізге мұра етті», - деді ол.

Салафиттер ойланулары керек,  қыңырлықтан, надандықтан және соқыр фанатизмнен арылулары, мұсылмандар арасында араздық отын жағуларын тоқтатулары  қажет. «Салафиттердің қаншама отбасылары бұзылды, қаншама ана балаларын жоқтап, жас төгуде.  Олардың қаншасы түрмеде болса, қаншасы қаза тапты. Ал қаншама адам  әскери іс-қимылдар аймағында жүргендері белгісіз», - деді ол. Ал әр мұсылманның міндеті  - отбасының қамын ойлау,  намаз оқу, жұмыс істеу, қоғамға пайдалы болу, Алла сыйға берген өмірін  лайықты сүру емес пе.

Іс-шараның модераторы, Павлодар облысы дін істері басқармасының Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Раздықова Гүлназ Мақсұтқызының айтуынша  осы іс-шара діни экстремизм идеяларының таралуына қарсы іс-қимыл  саласында  өңір имамдарының біліктілігін арттыру мақсатында өткізіліп отыр. «Семинар өте табысты өтті. Білікті маман-теологтар  Асқар Сәбдин, Қабылбек Әліпбайұлы біздің имамдарға  тәжірибеде сыннан өткен жұмыстың әдістері туралы баяндады. Өйткені,  білім мен тәжірибе – радикалдармен жұмыстағы басымдықтар ғой», - деді Гүлназ Мақсұтқызы.  Атап өткен жөн, бүгінгі күні деструктивті идеологияның  таралуы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруде.