Жаңа пікірді жазу

Сириядан қайтарылған балаларды оңалту бойынша онлайн-семинар өтті

 1049

Террористік белсенділік аймағынан қайтарылған балалар арасында оңалту іс-шараларын ұйымдастыру бойынша оңалту орталықтары мен білім беру мекемелерінің мамандары үшін оқыту семинары өтті.

Онлайн-семинардың ұйымдастырушылары - Павлодар облысының конфессияаралық келісімді талдау және дамыту орталығының басшысы  Гүлназ Раздыкова және Қарағанды облысы  конфессияаралық   қарым-қатынастар мәселелерін  зерттеу және  талдау орталығының  директоры Руслан Саматаев.

Оқыту семинарының мақсаты - оңалту орталықтары мен білім беру мекемелері мамандарының теологиялық және психологиялық құзыреттілігін арттыру.

Семинарға  Қазақстан Республикасының Оңалту орталықтары мен білім беру мекемелерінің психологтары, теологтары келді. Іс-шараға барлығы 150-ден астам адам қатысты.

Мамандар алдында деструктивті діни ағымдардың  жолын қуушыларының  отбасылары арасында оңалту және алдын алу іс-шараларын ұйымдастыруда үлкен практикалық және теориялық тәжірибесі бар елдің жетекші психологтары мен дінтанушылары сөз сөйледі.

Павлодар облысының Конфессияаралық келісімді талдау және дамыту орталығының басшысы Гүлназ Раздықова террористік белсенділік аймағынан қайтарылған балалардың психологиясы туралы айтып берді. 

Қазақстан Республикасы психологтар мен психотерапевтер қауымдастығының мүшесі Лола Шәкімова деструктивті діни сана-сезімнің отбасындағы баланың тұлғасын қалыптастыруға әсері туралы егжей-тегжейлі түсіндірді.

Жат діннің жолын қуушылар отбасында жеке тұлғаның қалыптасуына деструктивті діни сананың әсері туралы Қазақстан Республикасы психологтар мен психотерапевтер қауымдастығының мүшесі Ақмарал Абдукеева әңгімелеп берді.

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Дінтану кафедрасының профессоры. PhD, доцент Юлия Шаповал террористік белсенділік аймағынан келген балалармен оңалту жұмысы туралы баяндама жасап, Қазақстанның және халықаралық қауымдастықтың тәжірибесі туралы айтты.

Дін істері жөніндегі ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі Бақтыгүл Шопанова «Біздің мақсатымыз-саналы ұрпақ тәрбиелеу» тақырыбында баяндама жасады.

«Парасат» консультативтік-әдістемелік орталығының жетекшісі Индира Беркімбаева діни тәрбие үдерісінде балалар бойында дәстүрлі  рухани құндылықтардың дұрыс қалыптасуының құпиясымен бөлісті.

Республикадағы терроризм мен экстремизм мәселелерін зерттеу орталығының психолог-практигі Лаура Ұзақбаева әскери іс-қимылдар аймағынан қайтарылған балаларды оңалту және психологиялық түзету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Оңалту орталықтары мен білім беру мекемелерінің мамандарын террористік белсенділік аймағынан қайтарылған балалармен жұмыс істеу әдістеріне оқыту практикада өте өзекті және қажетті жұмыс болып табылады.

2019 жылы «Жусан» операциясының барлық кезеңдерінің нәтижесінде Қазақстанға 595 бала көшірілді. Ақтау қаласындағы бейімдеу лагерінде олармен оңалту және өзге де іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта барлық балалар отбасымен бірге, мектепке  және мектепке дейінгі мекемелерге барады.

Әскери  іс-қимылдан зардап шеккен балаларды оңалтудың  өзіндік ерекшелігі бар.  Соғыс қимылынан зардап шеккен «соғыс балалары» тақырыбы ерекше назар аударуға тұрарлық, өйткені мұнда проблемалардың тұтас кешені  бар. Жақындарынан айрылуымен қатар, бұл балалар өздерінің және туыстарының өмірі үшінқорқынышты  бастан кешірді, көпшілігі баспанасыз қалды, олар ауыр психоэмоционалдық ширығуды және жан мен тән азабын  бастан кешірді.

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар террористік белсенділік аймағынан қайтарылған балалар арасында оңалту іс-шараларын ұйымдастыруда бірыңғай кешенді тәсілді әзірлеу қажеттілігі туралы пікірге келді.